Өскеменде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ филиалы директорының бұрынғы орынбасары А.А. Рахымжанов пен Д.М. Нұртазин алтынды заңсыз өндіруді ұйымдастырғаны үшін төрт жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Сот материалдарына сәйкес, олар Ұлан ауданындағы Шыбынды учаскесінде алтын өндіру жұмыстарын ұйымдастырған. Бұл үшін өздеріне бағынысты «EastGoldStone» ЖШС пайдаланылған. Компанияның қатты пайдалы қазбаларды барлауға лицензиясы болғанымен, алтын өндіруге рұқсаты болмаған.
Заңсыз алтын өндіру жұмыстары экскаваторлар, тиегіштер, самосвалдар және арнайы жуу жабдықтарының көмегімен жүргізілген.
– Тергеу барысында заңсыз өндірілген алтынның жалпы көлемі 15 келіден асқаны анықталды. Оның құны 844 млн теңгеден жоғары болған. Сонымен қатар құны 382 млн теңге болатын 6,7 келі алтын мен 579 грамм күміс тәркіленді, – деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігі.
Заңсыз өндіріс қоршаған ортаға да елеулі зиян келтірген. Атап айтқанда, 18,2 гектар жер бүлінген. Бұдан бөлек, мемлекеттік орман қорына тиесілі ағаштар мен бұталар жойылып, зақымдалған.
Экологиялық залалды жоюға қажетті жұмыстардың құны 300 млн теңгеден асқан.
Сот үкімі
Сот шешімімен жалпы құны 372 млн теңге болатын мүлік тәркіленді. Оның қатарында төрт жүк көлігі, екі экскаватор, екі тиегіш, гидрожуу құрылғысы, сондай-ақ 10 млн теңге және 56 мың АҚШ доллары көлеміндегі қолма-қол ақша бар.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.