28 млн долларлық экспорт: Қазақстан Оманға не тасымалдамақ

Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстан Оманға жоғары өңделген тауарлар және ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауды жоспарлап отыр. Екі ел арасындағы сауда көлемі әзірге төмен болғанымен, Оман Қазақстан үшін логистикалық тұрғыдан маңызды бағытқа айналуы мүмкін. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Ulysmedia.kz тілшісіне берген сұхбатында мәлімдеді.

Оманмен серіктестік Қазақстанға не береді?

Серік Жұманғарин Оман экономикасының тұрақтылығына тоқталып, бұған бірнеше фактор әсер ететінін айтты.

«Оманның 5 млн халқы бар. Ішкі жалпы өнімі 100 млрд долларды құрайды. Елдің ішкі экономикалық резервтері бар. Логистикасы жақсы дамыған. Мұнайы да жеткілікті», - дейді министр.

Министрдің айтуынша, Қазақстан үшін Оманмен байланыстың ең маңызды тұстарының бірі – логистика.

«Кеше Біріккен Араб әмірліктері көлік министімен, өзбекстандық әріптестерімізбен меморандумға қол қойдық. Енді алдағы уақытта Оманға немесе Пәкістанға шығамыз. Себебі бізге шығанақтың сыртына шығу керек. Осы мәселені қарастырып жатырмыз», – деді ол.

Оманмен сауда неге төмендеп кетті?

Қазір Қазақстан мен Оман арасындағы тауар айналымы өте төмен. Министрдің мәліметінше, 2024 жылы екі ел арасындағы сауда көлемі шамамен 1,2 млн доллар болған, ал өткен жылы бұл көрсеткіш одан әрі төмендеген.

 «Бұл Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты. Тауар жеткізу қиындап кетті. Бірақ алдағы уақытта 28 млн долларға жоғары өңделген тауарлар, ауыл шаруашылық өнімдерін жеткізуді көздеп отырмыз. Әуе тасымалы арқылы жеткізу қымбатқа түседі. Ал басқа жолдар арқылы тауар тасымалдау қазір оңай болмай тұр», – деді Жұманғарин.

Сондықтан Қазақстан Оманға экспорт көлемін арттыру үшін аймақтағы жағдайдың тұрақтануын күтеді.

«Жағдай тұрақталғанша сәл күту керек», – деді министр.