Қазақстан Ормуз бұғазындағы жағдайдан пайда көріп отыр – Энергетика министрлігі

Wen Xinnian/Xinhua/IMAGO

Ормуз бұғазы маңындағы шиеленіс мұнай бағасына әсер етіп, Қазақстанға қосымша пайда әкеліп отыр. Бұл туралы энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Оман сұлтаны Хайсам бен Тарик Әл Саидпен кездесудің кулуарында журналистерге айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қазақстан мұнайы басқа бағытпен экспортталады

Оман әлемдік мұнай саудасындағы маңызды бағыттардың бірі саналатын Ормуз бұғазының жағалауында орналасқан. Ерлан Ақкенженовтің түсіндіруінше, Қазақстан мен Оман мұнайды әртүрлі нарықтарға сатады. Қазақстан мұнайының басым бөлігі Еуропаға бағытталса, Оман мұнайы негізінен Қиыр Шығыс нарығына жөнелтіледі.

– Қазақстан мен Оман мұнайының сатылатын аймақтарын салыстырсақ, олардың географиясы әртүрлі. Оман туралы айтсақ, біздің мұнай бағыттарымыз қиылыспайды, бірақ әлемдегі геосаяси жағдайды және Ормуз бұғазы маңындағы ахуалды ескерсек, бұл мұнай бағасының өсуіне ықпал етеді. Әрине, Қазақстан бұдан қосымша пайда көріп отыр, бұл – даусыз, – деді Ақкенженов.

Ормуздағы ахуал күрделі

Ормуз бұғазы әлемдік мұнай нарығындағы ең осал аймақтардың бірі болып қала береді. Дәстүрлі түрде әлемдегі мұнай мен сұйытылған табиғи газ жеткізілімдерінің шамамен бестен бір бөлігі осы бұғаз арқылы өтеді. Биыл теңіздегі тасымалдың бірнеше рет үзілуі мұнай бағасының құбылуына әсер етті. Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 100 доллардан асты.

Бұл жерде Оманның да рөлі ерекше. Ол Иранмен бірге Ормуз бұғазына жағалауы бар мемлекеттердің бірі. Маусымда Маскат пен Тегеран теңіз қатынасын ұйымдастырудың болашақ тәртібін талқылауға уағдаласып, осы мақсатта бірлескен жұмыс тобын құрды.

Оман сондай-ақ Халықаралық теңіз ұйымымен бірлесіп, кемелердің қауіпсіз өтуіне арналған уақытша дәліз мәселесімен жұмыс істеді. Тамызда елдер уақытша навигациялық дәліз құру және бұғазды бірлесіп минадан тазарту мәселесін талқылады.

Қазір бұғаздағы жағдай да шиеленісіп тұр. Қазан айының басында Оман жағалауында бірнеше мұнай танкеріне шабуыл жасалды. Reuters агенттігінің мәліметінше, қазанның алғашқы аптасында аймақта кемінде осындай жеті оқиға тіркелген.

Сонымен қатар қыркүйек айында Ормуз арқылы өтетін мұнай ағыны соғысқа дейінгі деңгейге шамамен қайта қалпына келген.