Осыдан бірнеше апта бұрын Қанат Ниязбеков Қазақстанның Әскери-теңіз күштерін және «Хазар қорғаны-2026» оқу-жаттығуын басқарды. Каспийдегі 14 әскери қызметшінің қазасынан кейін ол қызметінен айырылып, енді қамауға алынды. Ulysmedia.kz бұрынғы Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы туралы және оның әскерде ауқымды тексеру басталуына себеп болған оқиғалардағы рөліне қатысты деректерді жинақтады.
Әскери мансабын флотпен байланыстырды
Қанат Ниязбеков сол кездегі Семей облысына қарасты Аягөз қаласында дүниеге келген. Алматыдағы Бауыржан Момышұлы атындағы республикалық әскери мектеп-интернатты, кейін Калининградтағы Балтық әскери-теңіз институтын тәмамдаған. 2010 жылы Санкт-Петербургтегі Н. Г. Кузнецов атындағы Әскери-теңіз академиясын әскери бөлімдер мен құрамаларды басқару бағыты бойынша бітірген.
2016 жылы 1-ранг капитаны атағын алды. Әскери қызметін ҰҚК Шекара қызметінің теңіз бөлімдерінде күзет кемесі командирінің көмекшісі ретінде бастаған.
Кейін Әскери-теңіз күштері бас штабының бастығы – бас қолбасшының бірінші орынбасары қызметіне дейін көтерілді. Осы лауазымда жүргенде ірі оқу-жаттығуларды ұйымдастыруға қатысты.
Мәселен, 2025 жылдың көктемінде ол әзербайжандық әскери қызметшілермен бірге «Каспий самалы – 2025» оқу-жаттығуының егжей-тегжейін келісуге қатысқан. Онда апатқа ұшыраған кемелерге, қайықтар мен әуе кемелеріне көмек көрсету шаралары да пысықталған.
2025 жылғы 15 тамызда Ниязбеков Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы болып тағайындалды.
Қайғылы аяқталған оқу-жаттығу
2026 жылғы 22 қыркүйекте Қорғаныс министрлігі «Хазар қорғаны-2026» оқу-жаттығуының басталғанын жариялады. Оған Қанат Ниязбеков жетекшілік етті.
Оқу-жаттығуға 500-ден астам әскери қызметші, кемелер мен жағалау бөлімшелері, сондай-ақ ҰҚК Шекара қызметі мен Әуе қорғанысы күштері қатысты.
Сол кезде Ниязбеков былай деген еді:
– Бұл оқу-жаттығу – Әскери-теңіз күштерінің жоғары жауынгерлік әзірлігін сақтаудың маңызды құрамдас бөлігі. Ол командирлердің практикалық дайындығын және жеке құрамның теңіздегі машығын арттыруға, сондай-ақ әскери іс-қимылды ұйымдастыру кезінде басқару органдарының үйлесімділігін жетілдіруге бағытталған, – деп түсіндірген 1-ранг капитаны.
Арада екі күн өткен соң оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде 17 әскери қызметші Каспий теңізіне құлап кеткен. Оның үшеуі аман қалды.
Қайғылы оқиғадан кейін Әскери-теңіз күштерінің басшылығына қатысты сұрақтар туындады.
27 қыркүйектегі кеңесте президент оқу-жаттығудың жоспарын кім әзірлеп, кім бекіткенін және неге онда Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы болмағанын ашық сұрады.
– Жауапсыздық, салғырттық, көзбояушылық қалыпты жағдайға айналды. Жүйелі жұмыс жоқ, дағдарыстық жағдайларға ден қою жоспарлары сын көтермейді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
3 қазанда Ниязбеков қызметінен босатылды. Сол күні Тоқаев Бас штаб бастығы Қаныш Әбубәкіров пен қорғаныс министрінің орынбасары Алмаз Жұмақаевты да қызметтерінен босатты.
Әскерде ауқымды тексеріс басталды
Еске салайық, қайғылы оқиғадан кейін Тоқаев Қорғаныс министрлігін кешенді тексеруді тапсырды. Комиссияны Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Аида Балаева басқарды.
5 қазанда Ақорда тексерудің алғашқы нәтижелерін жариялады. Тексеру Каспийдегі оқу-жаттығуды дайындау мен жоспарлау кезінде, тәуекелдерді бағалауда, десант түсіруді ұйымдастыруда және әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде елеулі кемшіліктер болғанын анықтады.
Алдын ала қорытынды бойынша, бұрынғы басшылық тарапынан тиісті бақылау болмаған. Осы уақытқа дейін қайғылы оқиғаға қатысты бес лауазымды тұлға қамауға алынды.
Сонымен қатар Қорғаныс министрлігіндегі тексеру нәтижесінде мемлекеттік мүлікті жымқыру, қызметтік өкілетін теріс пайдалану және басқа да заңбұзушылықтар бойынша тағы 13 қылмыстық іс қозғалды.
Ал Ниязбековке қатысты әскери-тергеу бөлімшелері бұрынғы бас қолбасшыны қызметіне салғырт қарады деген айып тағылып отыр. Ол қамауға алынды.
Каспийдегі қайғылы оқиғаға қатысты тергеу жалғасып жатыр.