СІМ қазақстандықтарды қақтығыс аймағынан қайтару бойынша келіссөз жүргізіп жатыр

Ulysmedia коллажы

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі қақтығыс аймағында жүрген Қазақстан азаматтарының өтініштерін қарау және оларға көмек көрсету бойынша жұмысты жалғастырып жатыр. Бұл туралы СІМ ресми өкілі мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Оның айтуынша, әлеуметтік желілерде бейнеүндеу жариялаған азаматтарға көмектесу үшін қажетті шаралар қабылданып жатыр. Оларды Қазақстанға қайтару мәселесі бойынша ресейлік тараппен келіссөздер жүргізіліп жатыр.

– Жедел желіге келіп түсетін әрбір өтініштегі ақпарат мұқият тексеріледі. Тексеру аяқталғаннан кейін қалыптастырылған тізім ресейлік тарапқа жолданады, – деді СІМ өкілі.

Министрлік аталған мәселе бойынша Ресей тарапымен түрлі деңгейдегі жұмысты жалғастырып жатыр.

Қазақстандық жастар соғыс аймағына қалай тап болды

Бұған дейін Ресейге жұмыс істеуге барған бірнеше жас қазақстандық елге қайтаруды сұрап, бейнеүндеу жасаған еді. Жігіттердің айтуынша, оларды алдап, құжаттарға қол қоюға мәжбүрлеген, кейін біртіндеп соғыс қимылдары жүріп жатқан аймаққа жібере бастаған.

Олар Ресейге қарапайым жұмысқа – күзет агенттігіне, ет комбинатына немесе құс фабрикасына жұмысқа орналасу үшін барған. Алайда оларға еңбекке орналасуға қажетті құжаттар деп түсіндіріп, қол қоюға қағаздар берген. Кейін ғана олардың келісімшарт бойынша әскери қызметші болғаны белгілі болған.

Жігіттердің айтуынша, бас тартқандарды түрмеге қамалуы мүмкін екенін айтып қорқытқан.

– Бізге «не соғысқа барасыңдар, не 15 жылға сотталасыңдар» деді. Қорқып кеттік, басқа амал болмады, – деген еді Шымкенттен барған 19 жастағы Айнабек Келдебек.

Бастапқыда олардың арасында 15 қазақстандық болған. Қазір өздерінің айтуынша, тоғыз-он адам қалған. Қалғандарын соғыс аймағында жүр.

– Күн сайын біреуді өз еркіне қарсы соғысқа алып кетіп жатыр. Бізде небәрі үш күн қалды, – деген еді 19 жастағы Қайсар Алмаз соңғы бейнеүндеуінде.

Аналары көмек сұрады

Сонымен қатар тағы бірнеше қазақстандықтың анасы билікке көмек сұрап жүгінді.

25 жастағы Мирас Ташарғановтың анасының айтуынша, ұлы күзет агенттігіне жұмысқа орналасып жатырмын деп ойлап, құжаттарға қол қойған.

– Ол: «Мама, бізге оны оқуға бермеді!» дейді. Қолында ақ қағаз болған, онда «Ташарғанов Мирас Қанатович» деп жазылған. Ал төменгі жағында күзет бюросына баратыны туралы қолы тұрған, – деп ұлының сөзін жеткізді анасы.

Жағдай жастардан госпитальдерден хабар келе бастаған кезде одан әрі шиеленісе түскен. Шымкент тұрғыны Назира Болысова ұлының қоңырау шалып, ауыр жараланғанын айтқанын жеткізді.

Дипломаттар не істеп жатыр?

2 қазанда Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Ресейдің Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі Александр Комаровпен кездесті. Тараптар қазақстандықтарды елге қайтару бойынша бірлескен іс-қимыл туралы келісті.

СІМ туыстарынан дипломаттарға барынша толық ақпарат беруді сұрады. Атап айтқанда, азаматтардың аты-жөні, туған күні, болжамды орналасқан жері және қол қойған келісімшарттары туралы мәліметтер қажет.

Бұл жұмысқа Қазақстанның Ресейдегі дипломатиялық өкілдігі де қосылды. Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев та Ресей Сыртқы істер министрлігі мен Қорғаныс министрлігінің басшылығымен кездесулер өткізуге тиіс болған.