"Өте сақ болу керек": депутат Ресейдегі қазақстандықтарға қатысты жағдайды түсіндірді

Ulysmedia коллажы

Құрылтай депутаты Ерлан Сайыров Ресей армиясының құрамында Украинадағы соғысқа мәжбүрлі түрде жіберілуі мүмкін қазақстандықтарға қатысты ақпаратқа пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Журналистер депутатқа Парламент ғимаратының алдында сұрақ қойды. Олардың айтуынша, Астанаға Ресейде жүрген қазақстандықтардың ата-аналары келген. Ата-аналар балаларының соғысқа жіберілуі мүмкін екеніне алаңдап отыр. Әңгіме 21 қазақстандық туралы болып отыр. Олардың кейбірі Ресейге жұмыс істеуге OLX сияқты платформалардағы хабарландырулар арқылы барған.

Журналистер Сайыровтан бұл жағдайдан хабардар ма және билік қандай шара қолданып жатқанын сұрады.

– Бұл мәселе бұрын да қозғалған. Қазір біз де, үкімет бұл мәселе бойынша дипломатиялық жабық арналар арқылы жұмыс атқарып жатырмыз. Өте нәзік жағдай болғандықтан, жария түрде ешкімге ештеңе айта алмаймыз, бірақ мен бір нәрсені айтамын: бүгінде үкіметіміз бұл мәселемен дипломатиялық арналар арқылы айналысып жатыр, – деді Сайыров.

Депутаттың айтуынша, күрделі геосаяси жағдайға байланысты әр адам шетелге шығу туралы шешім қабылдамас бұрын ықтимал тәуекелдерді бағалауы керек.

– Менің ойымша, азаматтар басқа елдерге барса, заң мен тәртіпті сақтап жүруі керек, өздері сақ болуы қажет. Өйткені халықаралық жағдай күннен күнге өзгеріп жатыр, қауіп-қатер көп, – деді депутат.

Журналист Ресейде азаматтарға жұмыс ұсынатын делдалдарға қатысты сұрақ қойған кезде, депутат билік қоғамда талқыланып жатқан «барлық мәселемен айналысып жатқанын» айтты.

Бұған дейін

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі қақтығыс аймағында жүрген Қазақстан азаматтарының өтініштерін қарау және оларға көмек көрсету бойынша жұмысты жалғастырып жатыр. Бұл туралы ведомствоның ресми өкілі мәлімдеді.

Қазақстандық жастар соғыс аймағына қалай тап болды

Бұған дейін Ресейге жұмыс істеуге барған бірнеше жас қазақстандық елге қайтаруды сұрап, бейнеүндеу жасаған еді. Жігіттердің айтуынша, оларды алдап, құжаттарға қол қоюға мәжбүрлеген, кейін біртіндеп соғыс қимылдары жүріп жатқан аймаққа жібере бастаған.

Олар Ресейге қарапайым жұмысқа – күзет агенттігіне, ет комбинатына немесе құс фабрикасына жұмысқа орналасу үшін барған. Алайда оларға еңбекке орналасуға қажетті құжаттар деп түсіндіріп, қол қоюға қағаздар берген. Кейін ғана олардың келісімшарт бойынша әскери қызметші болғаны белгілі болған.

Жігіттердің айтуынша, бас тартқандарды түрмеге қамалуы мүмкін екенін айтып қорқытқан.

– Бізге «не соғысқа барасыңдар, не 15 жылға сотталасыңдар» деді. Қорқып кеттік, басқа амал болмады, – деген еді Шымкенттен барған 19 жастағы Айнабек Келдебек.

Бастапқыда олардың арасында 15 қазақстандық болған. Қазір өздерінің айтуынша, тоғыз-он адам қалған. Қалғандарын соғыс аймағында жүр.

– Күн сайын біреуді өз еркіне қарсы соғысқа алып кетіп жатыр. Бізде небәрі үш күн қалды, – деген еді 19 жастағы Қайсар Алмаз кейінгі бейнеүндеуінде.

Посмотреть публикацию в Telegram