Кімдердің әлеуметтік төлемі қысқаруы мүмкін: жаңа ережелер түсіндірілді

gov.kz

Қазақстанда әлеуметтік төлем алу кезінде отбасының табысы ғана емес, мүлкі, көлігі, бизнесі, тіпті мал саны да ескерілуі мүмкін. Құрылтайдың әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Ләззат Қожахметова отбасыларды тұрмыс деңгейіне қарай қалай бөлетінін және жәрдемақыларға не болатынын түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мүлік пен бизнес те есепке алынады

Ләззат Қожахметованың айтуынша, мемлекет отбасының табысын ғана емес, оның иелігіндегі тұрғын үй, көлік, жер, бизнес және басқа да мүлікті де есепке алуды жоспарлап отыр.

Мысалы, тұрғын үйдің көлемі маңызды болады. Егер бір адамға 18 шаршы метрден аз аумақ тиесілі болса, отбасы орташа деңгейдегі санатқа жатқызылуы мүмкін. Ал тұрғын үйдің жалпы ауданы 60 шаршы метрден асса, бұл отбасының тұрмысы жеткілікті екенін көрсететін белгілердің бірі болуы ықтимал.

 

– Бір адамның екі үйі бар делік. Ол ауқатты отбасы болып саналады. Енді бұдан былай үйді, көлікті есептеген кезде… Мысалы, отбасының әр мүшесіне шаққанда тұрғын үйдің ауданы 18 шаршы метрден аз болса, ол орта деңгейдегі отбасы болып есептеледі. Ал егер отбасының үйінің жалпы ауданы 60 шаршы метрден асса, ол ауқатты отбасы санатына жатады, – деді ол.

Бизнестің болуы да есепке алынбақ. Бір ғана тіркелген кәсіпкерлік субъектісі отбасының ауқатты екенін білдірмейді. Ал олардың саны бірнешеу болса, отбасының жағдайын бағалау өзгеруі мүмкін.

Тіпті мал санына дейін назар аударылады. 50 басқа дейінгі мал жеке шаруашылыққа қажеттілік үшін ұсталады деп есептелуі мүмкін. Ал мал саны одан көп болса, отбасы одан табыс таба алады деген болжам жасалады.

Ләззат Қожахметова атаған басқа да критерийлердің қатарында бірнеше жер учаскесінің болуы және 90 күннен астам мерзімі өткен несиенің болмауы бар.

Жәрдемақы уақытша тоқтатылуы мүмкін

Егер жаңа критерийлер бойынша отбасы тұрмысы жеткілікті санатқа жатқызылса, әлеуметтік төлем алушыға бұл туралы алдымен хабарлануы тиіс.

 

– Бұл жағдайда сізге берілетін әлеуметтік төлемдерге қатысты: «Осы жәрдемақыны тоқтатуға келісесіз бе?» деп сұралады. Егер келіссеңіз, төлем тоқтатылады. Ал келісім бермеген жағдайда, отбасының жағдайы анықталғанға дейін жәрдемақы уақытша тоқтатылуы мүмкін. Бірақ бұл туралы адамға міндетті түрде алдын ала ескертілуі керек, – деді Ләззат Қожахметова.

Құрылтай жанындағы комитет мүшесі жаңа ережелерге қатысты нақты қорытынды жасауға әлі ерте екенін атап өтті. Алдымен жаңа Отбасы картасының нақты қандай алгоритм бойынша жұмыс істейтінін анықтау қажет.

Оның айтуынша, бұл ережелер заңмен емес, министрліктердің бірлескен бұйрығымен бекітіледі. Алайда аталған құжат өткен аптада әлі тіркеуден өтпеген.