Ресейге жұмыс істеуге барып, кейін қақтығыс аймағында қалған қазақстандықтардың туыстары Астанадағы Сыртқы істер министрлігінің ғимаратына жиналды. Әйелдер жылап, биліктен ұлдарын елге қайтаруды сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Туыстарымен бірге СІМ-ге заңгер Мейірман Шекеев те келді. Ол журналистерге кейбір жастармен байланыста екенін айтты. Оның мәліметінше, олардың басым бөлігі қазір Луганскіде жүр. Шекеевтің айтуынша, оған қазақстандықтардың отбасы мүшелері әлі де хабарласып жатыр. Қазір кемінде 21 қазақстандық туралы ақпарат белгілі, алайда бұл тізім бұдан да көп болуы мүмкін.
Заңгер жастардың құжаттарын зерттеп, олардың соғысқа қатысуға ниеті болмағанын айтады. Кейбіріне күзет саласында жұмыс істейсің деп уәде етілген. Ал кейбір жігіттер орыс тілін нашар біледі және қандай құжаттарға қол қойып жатқанын түсінбеген.
– Қазақстанның «болды, келісімге қол қойылды, оларды алып кетеміз» деп мәлімдегендеріне төрт күн болды. Солай айтылды ғой? Ең болмаса жігіттерге қоңырау шалып, үміт берсін. Олар өмір сүруге деген мәнін жоғалтып алды. Артында мемлекет бар екенін сезінбейді. Біз ғана қоңырау шалып: «Шыдаңдар» деп жұбатамыз. Төрт күн – олар үшін өте ұзақ уақыт, – деді заңгер.
Ол сондай-ақ Ресей президенті Владимир Путинге үндеу жазғанын хабарлады. Алайда хаттың президентке қашан жететіні және жауап бола ма, жоқ па – Шекеевке белгісіз.
«Мен оны басқа ел үшін туған жоқпын»
СІМ-ге келген әйелдердің әрқайсысының өз оқиғасы бар. Кейбір отбасылар жақындарынан бірнеше айдан бері хабар ала алмай отыр.
Айымгүл Солтабаева 2006 жылы туған немересі Арап Қуанышұлы туралы айтып берді. Жас жігіт Ресейге жұмыс істеуге кеткен. Алдымен кәсіпорында, кейін құрылыста жұмыс істеген, артынша қақтығыс аймағында жүрген болып шыққан. Онымен байланыс үзілгеніне бір жылдан астам уақыт болған.
Тағы бір әйел ұлының байланысқа шығатынын, бірақ өте ауыр жағдайда жүргенін айтты. Анасының сөзінше, жастарда жылы киім де жоқ.
– Құдай үшін, балаларымызды ол жерден алып шығыңдар! Күн сайын өлім қаупі. Олардың еш кінәсі жоқ. Егер олар қаза тапса, онда мен де сол жаққа барып, баламмен бірге өлгенім жақсы. Мен оны бөтен ел үшін дүниеге әкелген жоқпын. Біз мұнда күртеше киіп жүрміз, ал олар жұқа арнайы киіммен жүр. Бәрі жөтеліп жүр. Ең болмаса оларды арнайы қабылдау орнына жіберуге болмай ма? – деді әйел.
Тағы бір ана жалғыз ұлын төрт айдан бері елге қайтаруға тырысып жүр. Ол Ресейге екі рет барған және eGov арқылы бірнеше рет көмек сұраған.
– Жалғыз ұлым төрт ай бұрын кетіп еді. Ол маған: «Анашым, мен жараландым. Мені кешір. Үйге қайтқым келеді, көмектесші» деп жалынды. Ресейге екі рет бардым – онда ешкім көмектеспеді. Енді сіздерден көмек сұрап отырмын. eGov арқылы 25 рет өтініш бердім. Маған тек «Күтіңіз» дейді. Басқа ештеңе айтпайды. Оның жасы 20-да, орыс тілін білмейді. Оны алдап кеткен, – деді анасы.
Журналистермен сөйлескеннен кейін туыстары СІМ ғимаратына кірді. Оларды министрлік өкілдері қабылдауға тиіс.
Ulysmedia.kz СІМ алдындағы кездесудің барысы, отбасылардың оқиғалары және қазақстандықтарды елге қайтару әрекеттері туралы толық репортаж дайындап жатыр.