Алматының қалалық жоспарлау және қала құрылысы бақылау басқармасы Достық даңғылы, 44-үйдегі №142 тұрғын емес үй-жайға жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру барысында нысан иесі «Жаса Девелопмент» ЖШС қажетті рұқсат және жобалық құжаттарсыз қайта жаңғырту жұмыстарын бастағаны анықталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Меншік иесіне нұсқама берілді
Осыған байланысты басқарма әкімшілік шаралар қабылдап, нысан иесіне заң бұзушылықтарды жою, ғимаратқа техникалық тексеру жүргізу және белгіленген талаптар орындалғанға дейін құрылыс-монтаж жұмыстарын тоқтату туралы нұсқама берді.
Сонымен қатар тексеру кезінде жүргізілген жұмыстар ғимараттың көтергіш құрылымдарына әсер етпегені және олардың тұтастығына зақым келмегені анықталды. Тұрғындарға тексеру нәтижесі нысанның өзінде түсіндірілді.
Тұрғындар бұған дейін не деген еді?
Бұған дейін «Три богатыря» тұрғын үй кешенінің тұрғындары астыңғы қабаттағы құрылыс жұмыстарына алаңдаған. Олардың айтуынша, ауыр техника жұмыс істеген кезде көпқабатты үйдің іші қатты дірілдеген. Жұмысшылар қабырғаларды бұзып, бетон конструкциялармен жұмыс істегеннен кейін тұрғындар ғимараттың беріктігіне қауіп төнуі мүмкін деп алаңдаған.
Тұрғындар осы мәселеге байланысты Алматы әкімдігіне, құрылыс бақылау басқармасына, Төтенше жағдайлар департаментіне және прокуратураға жүгінген еді. Олар жұмыстардың заңдылығы мен қауіпсіздігін тексеруді талап еткен – бұл туралы Ulysmedia материалынан оқыңыз.