Қазақстан СІМ Ресейден 14 қазақстандықтың қайтарылатынын растаған жоқ

Сыртқы істер министрлігі

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Ресей армиясының құрамында жүрген 14 қазақстандықты Қазақстан елшілігіне жеткізетіні туралы ақпаратқа қатысты мәлімдеме жасады. Дипломаттар тексерілмеген ақпаратты таратпауға шақырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Бұған дейін Украинадағы соғысқа жіберілген қазақстандықтардың туыстарының мүддесін қорғайтын адвокат Мейірман Шакеев алғашқы 14 азаматты Ресейдегі Қазақстан елшілігіне жеткізу жоспарланып отырғанын хабарлаған еді.

Алайда СІМ бұл ақпаратты жоққа шығарды.

– Бұл тақырыптың қоғам үшін, әсіресе азаматтарымыздың туған-туыстары үшін қаншалықты маңызды екенін толықтай түсінеміз. Сондықтан тексерілмеген мәліметтерді таратуға мүлдем жол берілмеуі тиіс. Мұндай ақпарат жақындарынан хабар күтіп отырған отбасыларды адастырады, негізсіз үміт тудырады әрі азаматтарды қорғау жөніндегі Министрліктің жұмысына кері әсерін тигізуі мүмкін , – деп мәлімдеді СІМ.

Келіссөздер жалғасып жатыр

Министрлік Ресей тарапымен келіссөздер жалғасып жатқанын айтты.

– Министрлік Ресей тарапымен түрлі деңгейде жұмысын жалғастырып келеді. Мәселе тұрақты бақылауда. Бұл жұмыстың нәтижелері туралы СІМ қосымша хабарлайды, – делінген хабарламада.

Еске салайық, 7 қазанда Ресейге жұмыс істеуге барған, бірақ кейін Украинадағы соғысқа тартылған қазақстандықтардың аналары мен туыстары Астанаға келді. Олар Сыртқы істер министрлігінен көмек сұрады. Олармен Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов кездесті.