Елімізде күн жылынады. 10-12 қазан аралығында елдің батысында ауа температурасы +27 градусқа, оңтүстігінде +28 градусқа дейін көтеріледі. Алайда шығыста жаңбыр мен қар, ал Түркістан облысында нөсер жаңбыр жауады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қай өңірлерде күн жылы болады?
Елдің батысы мен оңтүстігінің тұрғындарына күн райы қолайлы болмақ. Батыс өңірлерде күндіз ауа температурасы +22…+27 градусқа, солтүстік-батыста +17…+25 градусқа дейін көтеріледі. Қызылорда облысында ауа температурасы +23…+28 градусқа жетеді.
Елдің орталық бөлігінде 10-12 қазан аралығында жауын-шашынсыз. Күндіз ауа температурасы +13…+22 градус болады. Оңтүстік-шығыста ауа температурасы негізінен +17…+25 градус аралығында сақталады.
Қай өңірлерде жауын-шашын болады?
10–11 қазанда елдің оңтүстік-батысында, ал 11–12 қазанда солтүстік-батысы мен солтүстігінде жаңбыр жауады. Шығыста 10 және 12 қазанда жауын-шашын болжанып отыр. Оңтүстік пен оңтүстік-шығыста жаңбыр 12 қазанда басталады.
«Қазгидромет» екі өңірде қолайсыз ауа райы болатынын ескертті. 10 қазанға қараған түні Шығыс Қазақстан облысында жаңбыр мен қар түрінде мол жауын-шашын түседі. Ал 12 қазанда Түркістан облысында қатты жаңбыр жауады деп болжанып отыр.
Ел аумағында түнде және таңертең тұман түсуі мүмкін.