Жетісу облысында сыныптасымен жанжалдасқан оқушы қаза тапты

istock

Жетісу облысының Сарқан ауданында сыныптастар арасындағы жанжалдан кейін кәмелетке толмаған оқушы көз жұмды. Күдікті ұсталды. Ол да жасөспірім, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Оқиғаның мән-жайы

Жетісу облысының полиция департаменті Ulysmedia.kz редакциясына оқиғаның сабақтан кейін болғанын хабарлады. Алдын ала мәлімет бойынша, екі сыныптастың арасында жанжал шығып, кейін жасөспірімдердің бірі жарақат алған. Кейін ол көз жұмған.

– Кәмелетке толмаған баланы өлтіру фактісі бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Күдікті ұсталып, заңды өкілдерімен бірге полицияға жеткізілді, – делінген полицияның баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Мектеп қызметкерлерінің әрекеті де тексеріледі

Жасөспірімнің өлімінен кейін полиция оқу орнының қызметкерлеріне қатысты да қылмыстық іс қозғады. Қазір олардың балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін тиісінше орындаған-орындамағаны тексеріліп жатыр.

– Тергеу Жетісу облысы полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында, – деп хабарлады ведомство өкілдері.