Теміртауда пәтерден ерлі-зайыптының мәйіті табылған қылмысқа қатысты жаңа мәліметтер белгілі болды. Оларды өлтірді деген күдікке 20 жастағы ұлы ілінді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
КТК телеарнасының мәліметінше, қаза тапқан ер адам 52 жаста, ал әйел 49 жаста болған. Алдын ала мәлімет бойынша, екеуіне де бірнеше рет пышақ сұғылған.
Қайғылы оқиға бесінші қабаттағы пәтерде болған. Көршілерінің айтуынша, түнде әйел баспалдақ алаңына жүгіріп шығып, айқайлап көмек сұраған. Мұны естіген тұрғындар полиция шақырған.
Пәтерге кіру үшін полицейлерге есікті бұзып ашуға тура келген. Куәгерлердің сөзінше, пәтердің іші мен дәлізде қан іздері болған. Болжам бойынша, ер адамға алты, ал әйелге тоғыз рет пышақ сұғылған. Бұдан кейін күдікті пәтерден кетіп қалған болуы мүмкін.
Көршілерінің бірі Елена Маскаева таңертең тұрғындардың ортақ чатына жігіттің ұсталғаны туралы хабарлама келгенін айтты.
«Естуімізше, ол ата-анасына көңілі толмаған екен. Өйткені олар оның еркіндігін шектеген көрінеді. Нақты қандай шектеу қойғанын білмеймін», – деді ол.
Көршілерінің айтуынша, отбасы бұл үйге шамамен бір жарым жыл бұрын көшіп келген. Тұрғындар ерлі-зайыптыны сабырлы, тыныш адамдар ретінде сипаттайды. Ал ұлының көп сөйлемейтін, тіпті жасқаншақ мінезді болғанын айтады.
Сондықтан мұндай қайғылы жағдай көршілерін қатты таңғалдырған. Отбасындағы жанжалға нақты не себеп болғаны әзірге белгісіз.
Қарағанды облыстық полиция департаменті қаза тапқан ерлі-зайыптының 20 жастағы ұлы ұсталғанын растады.
«Жедел іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері осы қылмысты жасады деген күдікпен марқұмдардың 20 жастағы ұлын анықтап, ұстады. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деді Қарағанды облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Бақытжан Құдияров.
Қазір тергеу жалғасып жатыр.