10 қазанда Шымкенттегі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда өткен концертте 18 жастағы қыз жарақат алып, ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Зардап шеккен қызға оқиға орнында алғашқы медициналық көмек көрсетілген. Кейін жедел жәрдем бригадасы оны ауруханаға жеткізген. Қазір науқастың жағдайы ауыр. Оған қажет медициналық көмек көрсетіліп, дәрігерлердің тұрақты бақылауына алынған.
Қандай жарақат алғаны және нақты қандай жағдайда зардап шеккені хабарламада нақтыланбаған.
Еске салайық, 10 қазанда Шымкентте Қайрат Нұртастың концерті өтті. Концертке келген халық кіреберісте қысылып қалып, әлеуметтік желіде оқиға орнынан түсірілген видеолар тарады. Куәгерлердің айтуынша, адамдардың арасында есінен танып қалғандар болған. Кейбір көрермендер концерттен жарақат алып қайтқанын жазып, жедел жәрдем көліктерінің фотосуреттерін жариялады.