«Бауырым өмір мен өлімнің арасында»: концертте тапталған қыздың туысы үн қатты

Шымкентте Қайрат Нұртастың концертінен кейін жансақтау бөліміне түскен 18 жастағы қыздың әпке-сіңлісі оқиғаның мән-жайын айтып, жұрттан дұға тіледі. Оның сөзінше, қыз қалың топ ішінде құлап, тапталып қалған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Адамды құлатып, өлім аузына жеткенше таптайтындай қалай сонша қатыгез болуға болады? Менің бауырымды не үшін ұрып, таптадыңыздар? Ол алты сағаттан бері жансақтау бөлімінде, өмір мен өлімнің арасында жатыр. Қазір бізге өте ауыр. Өтінемін, аман қалсын деп дұға етіңіздерші», - деп жазды зардап шеккен қыздың туысы.

Шымкенттің денсаулық сақтау басқармасы 18 жастағы қыздың жағдайы ауыр екенін растады. Оған оқиға орнында алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, кейін жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген. Қазір науқас қажет ем алып, мамандардың тұрақты бақылауында.

Еске салайық, 10 қазанда Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда өткен концертке келген халық кіреберісте қысылып қалған. Көрермендер адамдардың құлап, есінен танып жатқанын айтып, ұйымдастырушыларды қауіпсіздікті қамтамасыз етпеді деп кінәлап жатыр.

«Өзім де қысылып қалып, құладым. Осы жерде өлетін шығармын деп ойладым. Өте қорқынышты болды», - деп жазды көрерменнің бірі.

Концертті Show Service компаниясы ұйымдастырған. Ulysmedia.kz редакциясы Шымкент полиция департаментіне сауал жолдады. Ведомство ресми жауап әзірлеп жатқанын хабарлады.