Алматыда төбелес кезінде екі жасөспірім қаза тапқан: сотта қандай деректер белгілі болды?

istock

Алматыда 17 жастағы екі жасөспірімнің өліміне әкелген жаппай төбелеске қатысты сот процесі басталды. 17 мен 21 жас аралығындағы алты адам айыпқа ілінді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Оқиғаның мән-жайы

КТК телеарнасының мәліметінше, бұл оқиғаға қатысты қылмыстық істер бөлек қаралып жатыр. Сот алдымен жасөспірімдердің бірінің өліміне қатысты істі қарауға кіріскен.

Айыпталушылардың біріне «Адам өлтіру», екіншісіне «Тонау», ал қалғандарына «Бұзақылық» баптары бойынша айып тағылған.

Қазір күдіктілердің үшеуі бес айдан бері қамауда отыр. Қалған үшеуі үйқамақта.

Адвокат Мейірман Шекеев барлық айыптау бір төбелеске қатысты болғандықтан, қылмыстық істерді біріктіріп қарауды сұрады.

«Оқиға біреу ғана. Төбелес бір жерде болған, сондықтан істер бір-бірімен тығыз байланысты. Оларды бір өндіріс аясында қараған дұрыс. Өйткені куәгерлерден жауап алынады. Біздің ісіміз бойынша куәгер ретінде өтетін адамдар басқа іс бойынша да куәлік беруі мүмкін», – деп түсіндірді қорғаушы.

Жасөспірімдер қалай қаза тапты?

Қайғылы оқиға 30 сәуірге қараған түні болған. Жаппай төбелес кезінде 17 жастағы екі жасөспірім пышақ жарақатын алған. Екеуі де ауыр халде ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер олардың өмірін сақтап қала алмады.

Оқиғадан кейін полиция күдіктілерді ұстады. Тергеу барысында жасөспірімдерге өлімге әкелген пышақ жарақатын салуы мүмкін адамдар да анықталды.

Қайғылы жағдайдан кейін қаза тапқан жасөспірімдердің бірінің туыстары күдіктілердің бірі бірнеше ай бойы одан ақша талап етіп келгенін айтқан еді.

Бұған дейін Ішкі істер министрлігі оқиға бойынша үш қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған.

Адам өлтіру бабымен айыпталғандарға 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. Алайда олардың кінәлі не кінәсіз екенін және қандай жаза қолданылатынын сот шешеді.