Алматыдағы тұрғын үй кешендерінің бірінде қоқыс контейнерінің маңынан мылтық табылды. Оқиға орнына шақырылған полицейлер қаруды тәркілеп, оның көшеде қалай пайда болғанын анықтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Полицияның анықтауынша, мылтық заңды түрде тіркелген және жеке қоймада сақталған. Қарудың иесі Астана қаласында тұрады.
Кейін ер адамның күйеу баласы қойманы сатып жіберген. Ал қойманың жаңа иелері ішінде қалған заттардан құтылмақ болып, қажетсіз дүниелермен бірге мылтықты да қоқысқа тастаған.
Осылайша қару тұрғын үйлердің маңындағы кәдімгі қоқыс контейнерлерінің бірінен табылған.
Мылтықты Наурызбай аудандық полиция басқармасының қызметкерлері тәркіледі.
Қазір тәртіп сақшылары оқиғаға қатысы бар адамдардың әрекетін тексеріп жатыр.
Атап айтқанда, қарудың қауіпсіз жерде сақталуын қамтамасыз етуге міндетті иесіне және мылтықтың қоқысқа тасталуына жол берген ер адамға қатысты сұрақтар туындаған.
Кінәлі адамдарды жауапқа тарту туралы түпкілікті шешім тексеру нәтижесі бойынша қабылданады.