Ақтөбе облысында 11-сынып оқушысы ауыл әкімінің үйіне әкелінген темір пешті түсіруге көмектесемін деп жарақат алды. Дәрігерлер баланың саусағының бір бөлігін кесіп тастауға мәжбүр болған. Ulysmedia.kz тілшісі зардап шеккен оқушының анасымен сөйлесіп, оқиғаның мән-жайын анықтады.
Оқиға 8 қазанда Ырғыз ауданына қарасты Құмтоғай ауылында болған. Сол күні кешке ауылдық округ әкімі Мұрат Санымбаевтың үйіне темір пеш жеткізілген. Оны көліктен түсіруге 11-сынып оқушысы да көмектескен. Алайда жұмыс барысында баланың қолын ауыр пеш басып қалған.
Оқушының анасы Гүлзира Өксікбаева тілшімізге оқыс жағдай туралы бірден хабар алмағанын айтты. Оның сөзінше, ұлы әкімнің ауласында есінен танып қалып, УАЗ көлігінің ішінде ғана есін жиған. Әйел жарақат алған баласына алғашқы минуттарда қандай көмек көрсетілгенін әлі күнге дейін білмейтінін жеткізді.
«Оған алғашқы көмекті қайда көрсетті, қандай екпе салды? Білмеймін. Маған ештеңе айтқан жоқ. Бәрін басқа біреулерден естідім. Балам әкімнің ауласында есінен танып қалған, ал УАЗ көлігінің ішінде есін жиған. Маған балам есін жиғаннан кейін ғана хабарласты. Барсам, ұлым әкімнің қызметтік УАЗ көлігінде отыр екен. Мүмкін, алғашқы көмекті сол жерде көрсеткен шығар. Бірақ ауылда амбулатория бар емес пе? Неге бәрін көліктің ішінде жасаған? Неге амбулаторияға апармаған?» – деп ашуланды анасы.
Гүлзира Өксікбаева оқиғадан кейін ауыл әкімінің баласының жағдайын сұрамағанын, ешқандай көмек ұсынбағанын да айтып, ренішін білдірді.
«Қазір қалада жүрмін, баламның қолына тағатын бандаж сатып алып жатырмын. Әкім баламның жағдайын бір рет те сұраған жоқ», – деді Гүлзира Өксікбаева.
Мұрат Санымбаев жасөспірім өз үйінің ауласында жарақат алғанын растады. Шенеуніктің айтуынша, оқушы оның қолында тұратын інісінің баласымен бірге келген.
«Інімнің баласы біздің үйде тұрады. Бұл бала сонымен бірге келген. Кешке үйге темір пеш әкелінді. Оны түсіруге көмектесіп жатқанда баланың қолын басып қалды. Алдымен ауыл дәрігері келіп, алғашқы медициналық көмек көрсетті. Қазір баланың жағдайы жақсы. Ауруханаға оны інімнің көлігімен апардық. Саусағының ұшын тігіп берді», – деді әкім.
Мектеп басшылығы оқушының жарақат алғанын тек келесі күні білген. Директордың айтуынша, оқиға сабақтан кейін болған.
Жұма күні бала сабаққа келмеген соң, мектеп қызметкерлері ата-анасына хабарласып, мән-жайды сұраған.
Біз зардап шеккен оқушының жағдайын дәрігерлерден де сұрап білдік. Медицина қызметкерлерінің айтуынша, баланың саусағы қатты зақымданып, тырнағы жұлынып кеткен.
Рентген тексеруінен кейін дәрігерлер ота жасау туралы шешім қабылдаған.
«Кейін жарақатқа хирургиялық өңдеу жүргізіліп, медициналық көрсетілімдерге сәйкес саусақ бірінші буын деңгейінде кесілді», – деп хабарлады Ырғыз аудандық ауруханасы.
Мұрат Санымбаев Құмтоғай ауылдық округін 2023 жылғы ақпаннан бері басқарып келеді.
Әкімдік сайтында жарияланған ресми ақпаратқа сәйкес, ол 58 жаста. Техникумда «Ветеринариялық дәрігер» мамандығы бойынша білім алған. Ұзақ жылдар бойы Ырғыз ауданындағы ветеринария саласында еңбек еткен.
Әкім болып тағайындалғанға дейін он жылға жуық Құмтоғай ауылдық округінің ветеринариялық пунктін басқарған.