Ресейдегі обаға қарсы зертханада жұмбақ өлім тіркелді: ДДСҰ себебін анықтай алмай отыр

Ulysmedia.kz коллажы

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) Сібірдегі обаға қарсы ғылыми орталық қызметкерінің өліміне әкелген өкпе қабынуының себебін әлі анықтай алмай отыр. Жүргізілген зерттеулерге қарамастан, әйел нақты қандай ауруға шалдыққаны белгісіз, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Дегенмен мамандар қауіпті инфекцияның таралғанын көрсететін белгілерді анықтамаған. Сондай-ақ, оба жұқтыру деректері де тіркелмеген.

Талдау нәтижелері не көрсетті?

ДДСҰ мәліметінше, ресейлік мамандар марқұмның және онымен байланыста болған адамдардың биологиялық сынамаларын қауіпті инфекция қоздырғыштарына тексерген.

Жүргізілген барлық талдаудың нәтижесі теріс болып шыққан.

Әйелмен байланыста болған адамдардан ауру белгілері байқалмаған. Сондай-ақ, осы оқиғаға қатысы бар ауыр өкпе қабынуының жаңа жағдайлары да анықталмаған.

«Ұсынылған мәліметтерге сүйене отырып, ДДСҰ осы жағдайға байланысты инфекцияның одан әрі таралып жатқанын растайтын ешқандай дәлел таппады. Қайтыс болған қызметкердің нақты диагнозы әлі күнге дейін анықталмаған», – делінген ұйым мәлімдемесінде.

Ресей билігі не дейді?

Ресей билігінің мәліметінше, әйелге белгіленген талаптарға сай барлық қажет екпе салынған.

Оның ағзасынан зертханадағы жұмысына байланысты қауіпті микроорганизмдер табылмаған.

Сондай-ақ, дәрігерлер марқұммен байланыста болған адамдардың барлығын тексеріп шыққан.

Ресей тарапы қажетті мәліметтердің бәрін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына жолдаған.

Оқиға туралы не белгілі?

Еске салайық, Сібірдегі обаға қарсы ғылыми орталықтың қызметкері 2 қазанда көз жұмған.

Оның қандай жағдайда ауырып, неден қайтыс болғаны туралы толық ақпарат жарияланбаған.

Оқиғадан кейін 200-ге жуық адам карантинге жіберілген. Бұл жағдай әлеуметтік желі қолданушыларының алаңдаушылығын туғызды.

Осы оқиғаға байланысты Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан шекарадағы санитариялық бақылауды күшейткен.

Бұдан бөлек, Иркутскідегі обаға қарсы институттың қайтыс болған қызметкерінің анасы Светлана Шипилова алғаш рет оқиға туралы пікір білдірді.

Ол қызының өліміне оба қоздырғышы бар сынауықтың сынуы себеп болды деген болжамды қисынсыз деп атады.

Сондай-ақ, анасы қызын аман алып қалуға мүмкіндік болғанын, алайда дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмағанын мәлімдеді.