Алматыда ер адамды басына пакет кигізіп, ұрлап кеткендер ұсталды

Видео кадры

Алматыда әлеуметтік желіде тараған күмәнді видеодан кейін полиция үш адамды ұстады. Бейнежазбада белгісіз біреу басына пакет кигізілген ер адамды тұрғын үйден көтеріп алып шыққаны көрінеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Оқиғаның мән-жайы

Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада екі ер адам көпқабатты үйдің кіреберісіне кіріп, өзара сөйлесіп тұрғанын көруге болады.

Біраз уақыттан кейін олардың бірі басына пакет кигізілген ер адамды иығына салып, ғимараттан алып шығады.

Әлеуметтік желі қолданушыларының айтуынша, алып кеткен ер адам осы үйдегі пәтерлердің бірінде тұрған.

Кейін оның пәтері сатылып кеткен болуы мүмкін деген ақпарат тарады. Алайда бұл мәлімет әзірге ресми түрде расталған жоқ.

Полиция не дейді?

Алматы қалалық полиция департаменті оқиғаға қатысы бар деген күдікпен үш адамның ұсталып, қамауға алынғанын растады.

Қазір істі Бостандық аудандық полиция басқармасы тергеп жатыр. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін арнайы жедел-тергеу тобы құрылған.

«Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау, сондай-ақ, оған қатысы болуы мүмкін өзге адамдарды табу мақсатында кешенді тергеу амалдары мен жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады полиция.

Қазір тергеу жалғасып жатыр.