Польшада премьер-министрге шабуыл жасалуы мүмкін деген қауіп бар

Getty images

Польша құқық қорғау органдарына премьер-министр Дональд Туск пен қорғаныс министрі, вице-премьер Владислав Косиняк-Камышқа шабуыл жасалуы мүмкін екені туралы ақпарат түсті. Осыдан кейін ықтимал қауіптің мән-жайын анықтауға арнайы қызмет өкілдері кірісті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қауіп туралы не белгілі?

Польша Ішкі істер министрлігінің өкілі Каролина Галецкая полицияға елдегі екі жоғары лауазымды шенеунікке шабуыл жасалуы мүмкін екені туралы мәлімет түскенін хабарлады.

Осыдан кейін ішкі істер министрі Марцин Кервиньский мен арнайы қызметтердің үйлестірушісі Томаш Семоняк тиісті қауіпсіздік шараларын қабылдауды тапсырған.

Алайда билік әзірге бұл ақпараттың қайдан түскенін, ықтимал шабуылдың артында кімдер тұруы мүмкін екенін және қауіптің қаншалық жоғары екенін жариялаған жоқ.

Арнайы қызмет өкілдері шұғыл жиын өткізеді

11 қазанда сағат 11:00-де Польшаның Ішкі қауіпсіздік агенттігіне (ABW) қарасты Терроризмге қарсы орталықта арнайы жиын өткізу жоспарланған.

Жиында арнайы қызмет өкілдері келіп түскен ақпаратты талқылап, алдағы уақытта қандай шаралар қабылдау керегін қарастырмақ.

Польшада не болып жатыр?

Екі саясаткерге шабуыл жасалуы мүмкін екені туралы ақпарат елде қауіпсіздік шаралары күшейтілген тұста тарады.

Кейінгі күндері Польша мектептерінде бірнеше зорлық-зомбылық оқиғасы тіркелген. Бейсенбіде болған сондай оқиғалардың бірінде білім беру мекемесінің қызметкері қаза тапқан.

Дегенмен билік мектептердегі оқиғалар мен екі саясаткерге төнуі мүмкін қауіптің арасында қандай да бір байланыс бар екенін хабарлаған жоқ.

Әзірге ықтимал шабуылға қатысты өзге мәліметтер жарияланбады.