Сауд Арабиясының астанасындағы Король Халид атындағы халықаралық әуежайна екінші күн қатарынан шабуыл шабуыл жасалды. Билік өкілдері зардап шеккендер бар екенін растады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz CBS News-ке сілтеме жасап.
Мән-жай
Жаңа оқиға бұған дейінгі шабуылдан бір тәулік өткен соң болды. БАҚ мәліметінше, алдыңғы шабуыл салдарынан кемінде 12 адам қаза тапқан.
Бірқатар соққы үшін жауапкершілікті Йемендегі хуситтер өз мойнына алды. Қозғалыс өкілдерінің айтуынша, сенбіден бері Эр-Рияд халықаралық әуежайына кемінде төрт рет шабуыл жасалған. Сауд Арабиясының Азаматтық авиация басқармасы кейінгі шабуылдан зардап шеккендер бар екенін мәлімдеді. Қазір мамандар инфрақұрылымға келген шығынды есептеп жатыр.
Хуситтердің әскери қанатының өкілі Яхья Сари бұл әрекеттерді Сауд Арабиясының Йемен аумағына жасаған соққыларына жауап деп түсіндірді. Оның айтуынша, кейінгі тәулікте Сауд Арабиясының әскери авиациясы хуситтер бақылауындағы аудандарға 120-дан астам соққы жасаған.
Басқа да нысандарға шабуыл жасалды
Хуситтер Эр-Рияд әуежайынан бөлек, корольдік аумағындағы басқа да нысандарға соққы бергенін мәлімдеді. Олардың қатарында Saudi Aramco мемлекеттік компаниясының газ инфрақұрылымы, Танаджиб мұнай өңдеу зауыты және Даммам қаласындағы Король Фахд атындағы халықаралық әуежай бар.
Сауд Арабиясының билігі Эр-Рияд әуежайын жапты. Flightradar24 сервисінің мәліметінше, әуе кемелері басқа әуежайларға бағытталған. Қауіпсіздік шаралары астана тұрғындарына да әсер етті. Жаңа шабуылдар қаупіне байланысты Эр-Рияд мектептері қашықтан оқыту форматына көшірілді.
АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Аустралия және Канада өз азаматтарына әуежайға бармауға кеңес берді.
БАҚ мәліметінше, сенбі күнгі шабуыл Сауд Арабиясы аумағында кейінгі он жылдан астам уақыт ішіндегі адам шығыны ең көп соққы болды.
Корольдік пен Йемен хуситтері арасындағы қақтығыстың қайта өршуі АҚШ пен Иран арасындағы соғысты тоқтатуға бағытталған дипломатиялық күш-жігерге де кедергі келтірді.