Басын пакетпен жауып, үйден алып шыққан: Алматыда адам өлтірді деген күдікпен төрт адам ұсталды

Видеодан алынған кадр

Басын пакетпен жауып, ер адамды көпқабатты үйден алып шыққан сәт түсірілген алаңдатарлық видеоның соңы қайғылы жағдаймен аяқталды. Алматы полициясы 61 жастағы қала тұрғынының өлтірілгенін растады. Осы іске байланысты төрт адам ұсталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Кісі өлтіру және пәтерді заңсыз иемдену күдігі

Алматы полиция департаментінің мәліметінше, тергеушілер қылмыстың мән-жайын анықтап, күдіктілердің кім екенін анықтаған. Қазір олардың марқұмның пәтерін заңсыз иемденуге қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.

– Алматы қаласының 61 жастағы тұрғынын өлтіру фактісі бойынша полиция төрт адамды ұстады. Төртеуі де уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деп хабарлады полиция департаменті.

Істі тергеу үшін Ішкі істер министрлігі тәжірибелі қызметкерлерден арнайы жедел-тергеу тобын құрған. Тергеу барысын Ішкі істер министрі жеке бақылауына алған.

Полиция әзірге істің өзге мән-жайын жариялаған жоқ.

Желіде тараған видео жұртты алаңдатты

Еске салайық, бірнеше күн бұрын Алматыдағы тұрғын үйлердің бірінің бейнебақылау камерасына түсірілген кадрлар интернетте тараған еді.

Видеода екі ер адамның кіреберіске кіріп, сөйлесіп тұрғаны көрінеді. Біраз уақыттан кейін олардың бірі басына пакет кигізілген ер адамды иығына салып, сыртқа алып шығады.

Желі қолданушыларының болжамынша, алып шыққан ер адам осы үйде тұрған болуы мүмкін. Сондай-ақ оның пәтері күмәнді жағдайда сатылған болуы ықтимал деген жорамал айтылған.