Алматы әкімдігі құрылысы проблемалық бірнеше тұрғын үй кешенінің алданған үлескерлерімен жүргізіліп жатқан жұмыс туралы есеп берді. Олардың қатарында Елдос Қоспаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобына қатысты істе аты аталған даулы Esentai City де бар, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Әр тұрғын үй кешені бойынша қандай шешім қабылданды?
Esentai City. Жылжымайтын мүлікке салынған тыйымдар алынып, құрылыс жұмыстары жалғасады. Еске салайық, бұл тұрғын үй кешеніндегі бірқатар нысан Қоспаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобына қатысты іс бойынша тәркіленген болатын.
«Достар Делюкс». Комиссия келтірілген шығынды өтеу тетігін әзірлеп, оны үлескерлердің бастамашыл тобына ұсынды.
Monblanc. Жер телімін сатып алып, үлескерлердің шығынын өтеуге дайын инвестор табылды. Қазір тараптар тиісті келісімдерді әзірлеп жатыр.
Pine Hill және Sky Club. Екі тұрғын үй кешені де заңсыз салынған. Құрылыс салушыға қатысты қылмыстық іс қозғалған. Комиссия инвестормен келісімге келді. Жер телімдеріне салынған тыйымдар алынып, жоғалған құжаттар қалпына келтірілгеннен кейін инвестор жерді сатып алып, үлескерлер алдындағы қарызды өтейді.
Комиссия «Швейцария» және Silver Hills тұрғын үй кешендеріне қатысты мәселелерді де қарастырып жатыр. Алайда олар бойынша шешімдер қылмыстық істердің аяқталуына байланысты қабылданады.
Контекст
Еске салайық, Esentai City тұрғын үй кешені «Адам жегіш» лақап атымен танылған Елдос Қоспаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобына қатысты істе аталған. Топ рейдерлік басып алумен, бопсалаумен және алаяқтықпен айналысқан.
2025 жылғы қаңтарда сот Қоспаевты 15 жылға бас бостандығынан айырды. Оның тағы он сыбайласы 9 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге сотталды.
Топтың бұғатталған активтерінің жалпы құны шамамен 25 млрд теңгеге бағаланған.
2026 жылдың жазында Esentai City кешеніндегі жалпы ауданы 1,3 мың шаршы метрден асатын бес тұрғын емес үй-жай тәркіленген мүлік ретінде аукционға шығарылды. Олардың бастапқы бағасы 2,74 млрд теңге болды.