Пәтер үшін бе? Алматыда 61 жастағы ер адамның өліміне қатысты көршілері тың деректерді айтты

Видеодан алынған кадр

Алматыда басына пакет кигізілген күйде мәйіті подъезден шығарылған 61 жастағы ер адамның өліміне қатысты жаңа мәліметтер белгілі болды. Күдікті ретінде төрт адам ұсталды. Полиция қылмыстың марқұмның пәтерін сатумен байланысты болуы мүмкін екенін тексеріп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қылмыс қалай анықталды?

Күдіктілер кездейсоқ анықталған. «Седьмой канал» мәліметінше, көршілердің бірі пошта жәшігінің кілтін жоғалтып алып, бейнебақылау камераларының жазбаларын тексермек болған. Алайда камерадан мүлде басқа жайтты байқаған.

29 қыркүйекте екі ер адамның пәтерлердің біріне кіргені көрінеді. Ал келесі күні, 30 қыркүйекте, камераға олардың бірінің басына пакет кигізілген адамды иығына салып, подъезден алып шыққаны түсіп қалған.

– Өзімен өзі өмір сүретін, ешкімге тиіспейтін. Күн сайын дүкенге шығатын. Бір кезде қарасақ, өзі жоқ. Сенбі күні заттарын таси бастады. Кейін бейнежазбаны көрдік. Оны, кешіріңіз, қойды иығына салғандай көтеріп алып шыққан. Өлтірген. Пәтерді өз атына жаздырып алған сияқты, – деді көршісі Надежда Сычёва.

Марқұм қандай адам болған?

Қаза тапқан ер адам осы үйде ұзақ уақыт тұрған. Ол томаға-тұйық, көбіне дүкенге бару үшін ғана үйден шығатын. Көршілерімен де аса араласпаған.

– Ол бізге кедергі келтірмейтін.  Үнемі жалғыз жүретін, – деді тағы бір көршісі Ирина Лимарева.

Оның айтуынша, қылмыстың алдында бейтаныс адамдар подъезді қарап жүрген. Кейін бесінші пәтердің пошта жәшігінің кілті жоғалып кеткен. Артынша тұрғындар Сергейдің пәтері сатылып кеткенін білген.

Полиция не дейді?

Алматы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қуатбек Науатов төрт адамның ұсталғанын растады.

– Қылмыстың мән-жайы, күдіктілердің жеке басы және олардың марқұмның пәтерін заңсыз иеленуге қатысы болуы мүмкін екені анықталды. Төртеуі де уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деді Науатов.

Ішкі істер министрлігі істі тергеу үшін арнайы тергеу-жедел тобын құрған. Қылмыстық іс ішкі істер министрінің жеке бақылауында.