Қазақстан қордан алтын сата бастады: не өзгерді?

Ulysmedia коллажы

Қазақстан Ұлттық банкі кейінгі бір жарым жылда алғаш рет алтын сатуға кірісті. Резервтердегі бағалы металдың үлесі 78%-ға дейін өскен. Енді реттеуші жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 75%-ға дейін төмендетуді көздеп отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Алтын не үшін сатылып жатыр?

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова Bloomberg агенттігіне берген сұхбатында стратегияның өзгеруіне АҚШ мемлекеттік облигациялары кірісі өсуі себеп болғанын түсіндірді. Алдыңғы аптада АҚШ-тың 10 жылдық қазынашылық облигацияларының кірісі кейінгі 24 жылдағы ең жоғары деңгейге жетті.

– Мұндай жоғары көрсеткішті көптен бері көрген жоқпыз. Бұл доллардың инвестициялық құнын арттырып, алтынға инвестиция салудың тиімділігін төмендетеді, – деді Молдабекова.

Оның айтуынша, қазіргі жағдайда алтынның үлесі тым жоғары болғандықтан, Қазақстанның резервтері бір ғана активке тәуелді портфельге ұқсап барады.

– Алтынның мұндай үлесімен резервтеріміз бір ғана активтен тұратын портфельге ұқсай бастайды. Валюталық резервтер өтімділігін сақтауы керек, – деп атап өтті Ұлттық банк төрағасының орынбасары.

Қазақстанның алтын қоры қанша?

Ұлттық банк елде өндірілген алтынның барлығын сатып алуға құқылы. Қазақстан алтын өндіру көлемі бойынша әлемде сегізінші орында.

2025 жылғы ақпанда алтын сатуды тоқтатқаннан кейін елдің алтын қоры 386 тоннаға дейін өсті. Қыркүйек айының соңындағы жағдай бойынша Қазақстанның халықаралық резервтері 66,4 млрд доллар болды. Оның 78%-ы алтынға тиесілі.

Алтын үлесін қысқартудың жартысы опциондарды сату арқылы, қалған жартысы физикалық алтынды сату есебінен жүзеге асырылады.

Сонымен қатар Молдабекова алтынның бір унциясы 4 мың доллардан төмендесе, оның резервтердегі үлесі белгіленген мақсатты деңгейге өздігінен төмендеуі мүмкін екенін айтты.

Алтын бағасы қалай өзгерді?

Ақпан айының соңында АҚШ пен Иран арасындағы соғыс басталғалы алтын шамамен 20% арзандады. Таяу Шығыстан энергия ресурстарын жеткізудегі іркілістер инфляцияны үдетіп, облигациялардың кірісін арттырды. Бұл пайыздық табыс әкелмейтін алтынның инвестициялық тартымдылығын төмендетті.

Қаңтарда алтынның бір унциясының бағасы рекордтық 5 600 долларға жеткен еді. Қазір ол шамамен 4 172 доллар деңгейінде саудаланып жатыр.

Маусымнан бері алтын бағасы 4 000-4 300 доллар аралығында тұрақтады.

Алтын сатуға қарамастан, Молдабекова оның бағасы алдағы уақытта да өсуі мүмкін деп есептейді.

– Нарықтағы белгісіздік әлі де жоғары. Соған қарамастан, алтын бағасы сәл өседі деп күтіп отырмыз. Сондықтан ұзақ мерзімді жоспар құрмаймыз. Алдымен алтынның резервтердегі үлесін 75%-ға дейін төмендетіп, одан кейін нарықтағы жағдайды бақылап отырамыз, – деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.