20 қазаннан бастап дүкендерге жаңа талаптар енгізіледі

Daria Press / Wikimedia Commons, CC BY-SA 4.0

20 қазаннан бастап елдегі дүкендерде отандық тауарларды орналастыруға қатысты жаңа талаптар күшіне енеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Үкімет отырысында жаңа ережелер туралы сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев мәлімдеді. Министрдің айтуынша, сауда желілері жергілікті өндірушілердің өнімдеріне арналған сөрелердегі тауар үлесін арттыруы керек. Отандық өнімдерді ілгерілету мақсатында дүкендермен 72 меморандум жасалған.

– Сіздің тапсырмаңызға сәйкес, сауда сөрелеріндегі отандық тауарлардың үлесін арттыру бойынша қосымша талаптар қабылданды. Олар 20 қазаннан бастап күшіне енеді, – деді Арман Шаққалиев.

Сатып алушылар көбейді ме, әлде тауарлар қымбаттады ма?

Қазақстанда сауда көлемі өсіп келеді. Қаңтар-қыркүйек айларында елдегі жалпы сауда көлемі 61 трлн теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 16% көп.

Оның ішінде 40,7 трлн теңге көтерме саудаға, ал 20,5 трлн теңге бөлшек саудаға тиесілі. Алайда баға өзгерісін ескергенде, сауданың нақты өсімі әлдеқайда төмен –  6,2% болды.

Министрлік жыл басынан бері елде 5 600 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізілгенін де хабарлады.