Алматыда жүкті әйелдің көз алдында ер адамды көлік тұрағына бола пышақтап өлтірді

КТК

Алматыда 37 жастағы ер адам тамағына пышақ жарақатын алып, көз жұмды. Қайғылы оқиға ауладағы көлік тұрағына қатысты жанжалдан басталған. Марқұмның артында сегіз жастағы ұлы мен жүкті әйелі қалды. Күдікті шабуыл жасалған күні ұсталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Оқиға қалай болды?

Қайғылы оқиға 4 қазанда кешкі сағат тоғыздар шамасында болған. КТК мәліметінше, Данил Щетников көршісінен көлігін ауладан алып тастауды сұраған. Алайда екеуі келісімге келе алмай, әңгіме төбелеске ұласқан. Осыдан кейін көршісі көмекке адамдар шақырған.

Көп ұзамай оқиға орнына бес-алты адам мінген екі көлік келген. Марқұмның жесірі Ирина Щетникованың айтуынша, келгендердің бірі жағдайды анықтап жатпастан, бірден күйеуіне шабуыл жасаған.

– Ол күйеуіме тура алдынан келіп, ұрды. Басына соқты деп ойладым. Бірақ күйеуім мойнын ұстап, аулаға қарай жүгіріп барып құлап қалды. Қанға тұншыға бастады. Кейін оның тамағын кесіп жібергенін білдім, – деді ол.

Әйелдің сөзінше, Данил жерде жатқан кезде де шабуыл жасағандар тоқтамаған. Олар оның көлігін қирата бастаған.

Жансақтау бөлімінде бір апта жатты

Пышақ ер адамның көмейіне тиген. Данил жансақтау бөлімінде бір аптаға жуық жатып, кейін көз жұмды. Бүгін туыстары мен жақындары оны соңғы сапарға шығарып салды.

Ол бір айдан кейін екінші рет әке атануды жоспарлаған еді.

Отбасы істің саралануын өзгертуді талап етеді

Қазір іс денсаулыққа зиян келтіру бабы бойынша тергеліп жатыр. Алайда марқұмның досы Ернат Сарсенбаев мұны жеткіліксіз деп есептейді.

– Жақсы жігіт еді, сабырлы болатын. Әрдайым келісімге келе алатын. Енді ол жоқ. Істі 99-бапқа, яғни қасақана кісі өлтіру бабына ауыстыру керек. Ол отбасының жалғыз асыраушысы еді. Бұлай қалдыруға болмайды, – деді ол.

Марқұмның отбасы пышақ ұстаған адамды ғана емес, оқиғаға қатысы бар барлық адамды жауапқа тартуды талап етіп отыр.

37 жастағы күдікті шабуыл жасалған күні ұсталып, қамауға алынған. Алматы полициясы іс бойынша басқа да ықтимал қатысушылардың тексеріліп жатқанын растады.

Аулаға орнатылған бейнебақылау камералары жанжалдың басынан аяғына дейінгі сәттерін түсіріп алған.