15-16 қазанда Алматыда BE WOMAN ASIA 2026 халықаралық форумы өтеді. Шара 25 елдің кәсіпкерлерін, технология, ғылым және мәдениет саласының сарапшыларын, сондай-ақ қоғамдық бастамалардың авторларын біріктіреді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz ұйымдастырушыларға сілтеме жасап.
Форумның басты тақырыбы — Ethical Power, яғни «Этикалық күш». Қатысушылар білімін, ықпалы мен мүмкіндіктерін қоғамдағы оң өзгерістерге қалай бағыттауға болатынын талқылайды. Күн тәртібінде жауапты көшбасшылық, жасанды интеллектіні дамыту, кәсіпкерлікті қолдау, білім беру және инклюзия мәселелері бар.
Спикерлер қатарында меценат, «Обнажённые сердца» қорының негізін қалаушы Наталья Водянова, Zuckerberg Media компаниясының негізін қалаушы Рэнди Цукерберг, кәсіпкер әрі IT саласының көшбасшысы Пинг Фу, екі мәрте «Оскар» сыйлығын иеленген режиссёр Шармин Обейд-Чиной және британдық парфюмер, Jo Loves брендін құрған Джо Малон бар.
Пікірталастарға жасанды интеллектіні реттеу жөніндегі халықаралық сарапшы Тити Акинсанми мен Women in Tech Global ұйымының негізін қалаушы Аюми Мур Аоки де қатысады. Қазақстан атынан Данна Карагусова, Диляра Қайдарова, Ләззат Қалтаева, Абзал Исабеков, Әсель Амангелді және басқа да спикерлер сөз сөйлейді.
Идеядан нақты жобаға
Форумның негізгі бағдарламасы 15 қазанда Республика сарайында өтеді. Ұйымдастырушылар 3 мыңнан астам қатысушы келеді деп күтіп отыр. Келесі күні бағдарлама практикалық сабақтар, менторлық кездесулер және дөңгелек үстелдер форматында жалғасады.
Қатысушылардың тікелей қарым-қатынасына ерекше мән беріледі. Олар тәжірибе алмасып, өз идеяларын сарапшылармен талқылап, бірлескен жобаларға серіктес таба алады. Іскерлік бағдарламаны форум тақырыптарын өнермен ұштастыратын арт-шоулар мен қойылымдар толықтырады.
BE WOMAN экожүйесінің бастамалары да идеяларды нақты іске айналдыруға бағытталған. Олардың қатарында кәсіпкер әйелдерге арналған BE WOMAN × HR Capital гранттық білім беру бағдарламасы және Female Founders жобасы бар. Соңғысының аясында 20 стартаптың негізін қалаушы әйелдер өз жобаларын инвесторларға таныстырады. Ал Hidden Shero халықаралық жобасы қоғамның дамуына елеулі үлес қосқан әйелдердің өмір жолына арналған.
Алматы — халықаралық диалог алаңы
Ұйымдастырушылардың айтуынша, форум Орталық Азияның кәсіпкерлік, мәдени және зияткерлік әлеуетін халықаралық аудиторияға таныстыруға мүмкіндік береді.
BE WOMAN ASIA негізін қалаушы Жанна Кан платформаның мақсаты — өңірдің жаһандық диалогтағы рөлін нығайту екенін атап өтті. Оның пікірінше, жасанды интеллект дәуірінде ықпал ең алдымен жауапкершілікпен өлшенуге тиіс.
Форум Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Алматы әкімдігінің қолдауымен өтеді.