«Отбасы банк» 15 қазаннан бастап құрылыс компанияларымен бірлесіп, несие берудің жаңа тетігін іске қосты. Енді банк клиенттері бағалау көрсеткішін жинау үшін алты ай күтпей-ақ, пәтер сатып ала алады. Сонымен қатар банк баспана әлі таба алмаған «Наурыз» бағдарламасына қатысушылар үшін тұрғын үй іздеу мерзімін ұзартты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жаңа тетік қалай жұмыс істейді?
Қолданыстағы ережелерге сәйкес, «Отбасы банктен» аралық қарыз алу үшін екі шарт орындалуы керек: депозитте несие сомасының 50%-ын жинау және бағалау көрсеткішін (БК) кемінде 5 деңгейіне жеткізу.
Бағалау көрсеткіші — депозиттегі ақшаның сақталу мерзімін ескеретін банктің ішкі рейтингі. Қажетті деңгейге жету үшін қаражат шотта кемінде алты ай жатуға тиіс.
Жаңа тетік бағалау көрсеткішіне қойылатын талапты алып тастайды. Енді клиентке несие сомасының 50%-ы жинақталған депозиттің болуы және құрылыс компаниясынан пәтердің брондалғаны туралы растау алу жеткілікті.
Қандай құрылыс компаниялары қатысады?
Банк кейінгі үш жылдағы тұрғын үй сатып алу деректерін талдап, салымшылардың көбіне BI Group, SAT NS және QazaqStroy компанияларының тұрғын үй кешендерін таңдайтынын анықтаған. Осыған байланысты аталған компаниялармен ынтымақтастық кеңейтілді.
Жаңа тетікке алғаш болып BI Group қосылды. Компания Астана, Алматы, Шымкент және Атырау қалаларындағы 600 пәтерді ұсынды.
SAT NS және QazaqStroy компанияларымен келісімдер әзірге рәсімделіп жатыр. Банк басқа серіктестердің қосылатыны туралы қосымша хабарлайтынын мәлімдеді.
Несие мөлшерлемесі қандай?
Аралық қарыз бойынша жылдық мөлшерлеме — 8,5%. Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) 9%-дан 9,6%-ға дейін болады.
Кейін несие мөлшерлемесі жылдық 3,5-5%-ға дейін төмендейді. Бұл ретте ЖТСМ 3,6%-дан 6,9%-ға дейінгі аралықта болады.
«Наурыз» бағдарламасының мерзімі ұзартылды
«Наурыз» бағдарламасына қатысқан екі мыңға жуық адам көктемде несие алуға мақұлдау алғанымен, әлі күнге дейін пәтер таппаған.
Бұған дейін банк тұрғын үй іздеуге алты ай уақыт берген. Бұл мерзім 2026 жылғы 12 қарашада аяқталуға тиіс еді. Енді ол 30 желтоқсанға дейін ұзартылды.
Биыл «Наурыз» бағдарламасы 10 мыңнан астам қазақстандық отбасының баспаналы болуына көмектесті. Олардың қатарында 35 жасқа дейінгі жастар, көпбалалы және толық емес отбасылар, жетім балалар, I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар бар.