Семейде денесі қоқыс жәшігінен табылған нәрестенің өліміне қатысты сот процесі аяқталды. Айыпталушылар қатарында екі полиция қызметкері – сәбидің анасы мен оның жігіті болды. Ер адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды, ал қыз рақымшылыққа байланысты жазадан босатылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Баланы қоқыс жәшігіне тастап кеткен
Бұл оқиға ақпан айының басында Семей жұртшылығын дүр сілкіндірді. Сол кезде қоқыс жәшігінен жаңа туған сәбидің денесі табылды. Кейін 20 жастағы қыздың жүктілігін жасырғаны және үйінде босанғаны анықталды.
Кейін бұл оқиғаға оның жігітінің де қатысы бары белгілі болды. Ол нәрестені көлікпен алып кетіп, қоқыс жәшігіне тастап кеткен. Сараптама баланың тірі туғанын анықтады. Ол біраз уақыттан кейін тоңып, үсіп қайтыс болған.
Сот үкімі
15 қазанда Абай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты үкім шығарды.
Баланың анасы жаңа туған нәрестені өлтіргені үшін кінәлі деп танылып, екі жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда Қазақстанның жаңа Конституциясына байланысты қабылданған рақымшылық негізінде жазадан босатылды. Сонымен қатар ол полицияның кіші сержанты арнайы атағынан айырылды.
Ал қыздың жігіті нәрестені өлтіргені үшін кінәлі деп танылды. Сот оны төтенше қауіпсіздік мекемесінде өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Ер адам полицияның аға лейтенанты арнайы атағынан да айырылды.
Айыпталушылардың ешқайсысы өз кінәсін мойындамаған. Алайда сот жиналған дәлелдерді айыптау үкімін шығаруға жеткілікті деп тапты.