Қазақстан БҰҰ-да Газаны қалпына келтіруге көмектесуге дайын екенін мәлімдеді

ҚР СІМ

Қазақстан Газа секторын қалпына келтіруге қатысуға дайын және Таяу Шығыстағы жағдайдың одан әрі ушығуына жол бермеуге шақырады. Бұл туралы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Қазақстанның тұрақты өкілі Қайрат Омаров мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Палестинадағы бейбітшілік

БҰҰ штаб-пәтерінде Грекияның төрағалығымен Таяу Шығыстағы жағдайға арналған Қауіпсіздік Кеңесінің ашық дебаттары өтті. Отырыста 70 қатысушы сөз сөйледі.

Қайрат Омаров өңірдегі шиеленістің күшеюіне алаңдаушылық білдіріп, келіспеушіліктерді дипломатиялық жолмен шешуге үндеді. Сондай-ақ Қазақстанның Израильмен бейбіт қатар өмір сүретін тәуелсіз Палестина мемлекетін құруды қолдайтынын растады. Бұл мақсатқа Нью-Йорк декларациясы негіз болуы керек.

Дипломат Газа тұрғындарының жағдайына да ерекше назар аударды. Ол бейбіт тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, гуманитарлық көмектің кедергісіз жеткізілуіне жағдай жасау қажет екенін атап өтті.

Қазақстан қандай көмек ұсынды?

Астана қираған азаматтық инфрақұрылымды қалпына келтіруге, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және цифрландыруға атсалысуды ұсынды.

Гуманитарлық мәселелерді шешу үшін штаб-пәтері Қазақстанда орналасқан Ислам азық-түлік қауіпсіздігі ұйымының мүмкіндіктерін пайдалануды да ұсынды.

Отырыс барысында Омаров Қазақстанның Израиль мен бірқатар араб және мұсылман мемлекеттері арасындағы қарым-қатынасты қалыпқа келтіруге бағытталған Авраам келісімдеріне қосылу ниетін тағы да растады.

Қазақстан бұл келісімдерді БҰҰ аясында екі мемлекет құру жөніндегі шешімді ілгерілетудің қосымша құралы ретінде қарастырады.

Авраам келісімдерін Дональд Трамп алғашқы президенттік мерзімі кезінде ұсынған. Қарашада Қасым-Жомарт Тоқаев Ақ үйде АҚШ президентімен келіссөз жүргізген еді. Сол кездесудің қорытындыларының бірі Қазақстанның Авраам келісімдеріне қосылуы болды.