1,2 млн теңге жалақысы және екі пәтері бар министрдің отбасы жәрдемақы ала алмайтын санатқа кірді

Primeminster.kz

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев баспасөз мәслихаты кезінде отбасының әл-ауқат деңгейін тексеріп көрді. Жүйе оның отбасын В санатына, яғни ауқатты қазақстандықтар қатарына жатқызды. 2027 жылғы қаңтардан бастап бұл санаттағы азаматтар кейбір мемлекеттік жәрдемақыларды ала алмайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Министрдің отбасы қанша табыс табады

Баспасөз мәслихаты кезінде Ертаев отбасының табысы мен мүлкі туралы айтып берді. Министрдің айлық жалақысы – 1,2 млн теңге. Сонымен қатар оның екі пәтері мен ескі шетелдік көлігі бар. Төрт баласының екеуі жұмыс істейді, олардың жалпы табысы шамамен 1 млн теңге болады.

Мәліметтерді енгізгеннен кейін жүйе министрдің отбасын В санатына жатқызды. Бұл 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Ертаев көпбалалы отбасыға берілетін жәрдемақыны ала алмайтынын білдіреді.

Алайда министр жаңа жылды күтпей, тікелей эфир кезінде барлық мемлекеттік жәрдемақыдан өз еркімен бас тартты.

Қазақстандықтар да өз санатын тексере алады

Алдағы күндері қазақстандықтарға eGov порталы арқылы, соның ішінде ұялы телефоннан да, өздерінің әл-ауқат санатын тексеру мүмкіндігі беріледі. Егер азамат жүйе шығарған нәтижемен келіспесе, оған шағымдана алады.

Еске салайық, 2027 жылдан бастап Қазақстанда бірқатар жәрдемақыны отбасының материалдық жағдайын ескере отырып тағайындау жоспарланып отыр. Ол үшін азаматтар әл-ауқат деңгейіне қарай бес санатқа бөлінеді. А санаты жоғары әл-ауқат деңгейін білдірсе, Е санатына ең осал отбасылар кіреді.