Ақтөбе облысында жанармай құю кезінде қатты күйік шалған екі жұмысшы жансақтау бөлімінде жатыр. Олардың бірінің денесінің 80 пайызын күйік шалған. Дәрігерлер науқастың жағдайын тұрақтандырып, Ақтөбе қаласына жеткізуге күш салып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Жетінші арнаның» хабарлауынша, денесінің 40 пайызын күйік шалған 23 жастағы жұмысшы санитарлық авиациямен Ақтөбеге жеткізілген. Қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер оның жағдайын ауыр, бірақ тұрақты деп бағалап отыр.
Зардап шеккен екінші адам – 46 жастағы азамат, екі қыздың әкесі. Оның денесінің 80 пайызын күйік шалған. Қазір ер адам Шалқар аудандық ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр.
Науқастың есі кіресілі-шығасылы емес, ол есін біледі. Алайда жағдайы әлі де ауыр. Ақтөбелік дәрігерлер аудандық ауруханадағы әріптестеріне қашықтан кеңес беріп жатыр. Егер науқастың жағдайы көтерсе, оны да санитарлық авиациямен облыс орталығына жеткізу жоспарланған.
– Денесінің 80 пайызын күйік шалған екінші науқас әзірге аудандық ауруханада жатыр. Zoom арқылы дәрігерлік кеңес өткізіп отырмыз. Бүгін оған да санитарлық авиация жібереміз. Жағдайы тұрақталса, Ақтөбеге жеткіземіз, – деді күйік жарақаттарын емдейтін дәрігер Нұрлан Әбішев.
Оқыс оқиға Шалқар ауданындағы «Қазақстан темір жолы» компаниясына қарасты орман екпелері учаскесінде болған.
ҚТЖ мәліметінше, күнделікті қауіпсіздік нұсқаулығынан өткен соң екі жұмысшыға 200 литрлік бөшкеде қалған АИ-92 маркалы бензинді басқа ыдысқа құю тапсырылған.
Жұмыс барысында жанармай кенеттен тұтанып кеткен. Салдарынан екі жұмысшы да ауыр күйік алып, ауруханаға түскен.
Өрттің нақты неден шыққаны әзірге белгісіз.
Зардап шеккен азаматтардың бірінің қызы журналистерге оқиға туралы отбасы бірнеше сағаттан кейін ғана білгенін айтты.
Оның сөзінше, әкесі жүргізуші болып жұмыс істеген және негізінде бензин құюмен айналыспауға тиіс болған.
Енді туыстары жұмысшыларға бұл тапсырманың не себепті берілгенін және жұмыс кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталған-сақталмағанын анықтауды талап етіп отыр.