Камбоджадан Қазақстанға тікелей рейстер ашылуы мүмкін

Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстан мен Камбоджа арасында тікелей рейстер ашылуы мүмкін. Мұндай бастаманы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада Камбоджа премьер-министрі Хун Манетпен өткен келіссөз барысында көтерді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Оқиғаның мән-жайы

Президенттің айтуынша, Камбоджа табиғаты мен көрікті жерлерін жақынырақ танығысы келетін қазақстандық туристер үшін қызық бағытқа айналуы мүмкін.

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Хун Манеттің Қазақстанға сапарын тарихи оқиға деп атады. Өйткені Камбоджа үкіметінің басшысы елімізге алғаш рет ресми сапармен келіп отыр.

Келіссөзде тағы қандай мәселелер талқыланды?

Кездесу барысында тараптар сауда, экономика және басқа да салалардағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.

Тоқаев Қазақстан мен Камбоджаның табиғи ресурстарға бай екенін атап өтіп, осы бағыттағы байланысты нығайтуға мүмкіндік мол екенін айтты.

Ал Хун Манет энергетика саласындағы ынтымақтастықты кеңейтіп, электронды үкімет жүйесін дамыту бойынша тәжірибе алмасуды ұсынды.

Камбоджа премьер-министрі екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасқа 30 жылдан асқанын да еске салды.

Айта кетейік, Камбоджа премьер-министрі Хун Манет 17 қазанда Қазақстанға ресми сапармен келді. Оны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қарсы алды.