Шымкентте әлеуметтік желіге қызықты видео түсірмек болған әйелдің әрекеті қайғылы жағдайға ұласа жаздады. Сантехника дүкенінде жұмыс істейтін 40 жастағы Мекен Әлімбетова басына үлкен пластик құбыр киген. Алайда оны кейін өзі шеше алмай әбігерге түскен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Әйел дүкеннің әлеуметтік желідегі парақшасына қызық видео түсіргісі келген. Ол үш тармақты пластик құбырды басына киіп, телефонға өзін түсіріп, дүкен ішінде жүре берген.
Бастапқыда бәрі күлкілі көрінгенімен, көп ұзамай жағдай қиындай түскен. Мекеннің мойны ұйып, басындағы құбырды шеше алмай қалған.
Әріптестері де көмектесуге тырысқанымен, құбырды шешу мүмкін болмаған.
– Басында бәріміз күліп, мәз болдық. Өте күлкілі көрінді. Бірақ біраздан кейін демім жетпей, тұншыға бастадым. Бетім де ісініп бара жатқандай сезілді, – дейді әйел.
Мекеннің айтуынша, әріптестері оны ауруханаға алып барған. Алайда ол жерде оларды қабылдамаған.
Ақыры әйелдің басындағы құбырды көліктің ішінде шешіп алған.
– Жылап жібердім. Сол кезде әріптесім шыдай алмай, мұрнымды басып тұрып, құбырды күшпен шешіп алды. Бәрі көліктің ішінде болды, – деп еске алады ол.
Оқиға жағымсыз аяқтала жаздағанымен, түсірілген видео әлеуметтік желіде 7,6 миллионнан аса қаралым жинап, мыңдаған пікірге ие болған.
Желі қолданушылары Мекенге қолдау білдірген. Ал кейбірі оның бастапқыда қандай видео түсірмек болғанын сұрап, қызығушылық танытқан.
Бұдан бөлек, әлеуметтік желіде осы әрекетті қайталап, басына құбыр киіп көргендер де пайда болған.
Айта кетейік, мұндай әрекет адам денсаулығына қауіп төндіріп, қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін.