Қызылордада алты айлық сәбиді көлікпен қағып өлтіріп, анасын ауыр жарақаттаған жүргізуші төртінші күн қатарынан іздестіріліп жатыр. Зардап шеккен әйел әлі жансақтау бөлімінде жатыр. Ол ұлының қаза тапқанынан да хабарсыз. Бұл туралы оның әпкесі, каратэден әлем чемпионы Мөлдір Жаңбырбай айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Спортшының айтуынша, сіңлісі Нарғыздің жағдайы әлі де ауыр. Жарақат салдарынан қатты есеңгіреген әйелге дәрігерлер әзірге ота жасай алмай отыр.
– Бүгін төртінші күн... Әлі күнге дейін ешқандай хабар жоқ. Полицияның еңбегін жоққа шығарғым келмейді. Бірақ мыңдаған камера орнатылған қалада бір адамды қалай таба алмай жатқандарын түсінбеймін, – деп жазды Жаңбырбай.
Отбасы үшін ең ауыры – Нарғыздың баласының қаза тапқанын әлі білмеуі.
– Нарғыз әлі жансақтау бөлімінде жатыр. Есеңгіреген күйден шыға алмай отыр. Жағдайы тұрақталмайынша, дәрігерлер ешқандай ота жасай алмайды. Ол тіпті баласының бұл өмірде жоқ екенін де білмейді, – деді спортшы.
Қайғылы оқиға 13 қазанда Құттыкенов көшесінде болған. Mitsubishi Lancer көлігінің жүргізушісі жол жиегінде тұрған әйел мен кішкентай баласын қағып, оқиға орнынан қашып кеткен.
Салдарынан алты айлық сәби көз жұмды. Ал анасы жамбас сүйегі мен қабырғалары сынып, ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілген. Әйел қатты жарақат салдарынан есеңгіреген күйге түскен.
Қазір дәрігерлер оның өмірін сақтап қалуға бар күшін салып жатыр.
Бұған дейін Мөлдір Жаңбырбай іздеуде жүрген ер адамның суреттерін әлеуметтік желіге жариялап, қазақстандықтардан оны табуға көмектесуді сұраған.
Спортшының айтуынша, күдікке ілінген жүргізуші бұған дейін де екі рет адам қаққан.
– Егер сол кезде оны жауапқа тартып, заң бойынша қатаң жазалағанда, кішкентай жиенім қазір тірі болар еді, – деп жазды ол.
Полиция таратқан бағдарлау мәліметіне сәйкес, 2000 жылы туған Алексей Великов іздестіріліп жатыр. Іске қатысы бар Mitsubishi Lancer автокөлігі оның атына тіркелген.
Қызылорда облысының полициясы бұған дейін адам өліміне әкелген жол апаты және оқиға орнын тастап кету деректері бойынша қылмыстық істер қозғалғанын хабарлаған.
Тәртіп сақшылары күдіктінің кім екенін анықтағанын, қалаға кіреберістердегі тексеруді күшейткенін және оны іздеуге қосымша қызметкерлер жұмылдырылғанын мәлімдеді.