Ақмола облысында Атбасар қаласындағы түзеу мекемесінде жазасын өтеп жүрген ер адамның өліміне қатысты тергеу жүріп жатыр. Ер адам қазанда бостандыққа шығуға тиіс болған. Алайда 9 қазанда туыстарына оның қаза тапқаны хабарланған. Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің (ҚАЖК) мәліметінше, сотталған ер адам өзіне қол жұмсаған. Ал марқұмның жақындары бұған күмән келтіріп, оқиғаның мән-жайын анықтауды талап етіп отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Марқұмның қарындасы Қарақат Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне үндеу жолдады. Оның айтуынша, ағасы бостандыққа шығатын күнін асыға күтіп, алдағы өміріне жоспар құрып жүрген. Сондықтан оның өзіне қол жұмсауы мүмкін екеніне сенбейді.
– 2026 жылғы 9 қазанда отбасымызға қаралы хабар жетті. Атбасардағы түзеу мекемесінде жазасын өтеп жүрген ағамның қайтыс болғанын естідік. Бізге ол өзіне қол жұмсады делінді. Бірақ менің ағам мұндай әрекетке баратын адам емес еді. Ол өмір сүргісі келді. Жазасын өтеп жүрген уақытында бірде-бір рет тәртіп бұзған жоқ. Ағам Қылмыстық кодекстің 106-бабы 1-бөлігі бойынша жазасын өтеп жатқан. Осы айда бостандыққа шығуы керек еді. Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінен көмек сұраймын. Бейнебақылау камераларындағы жазбалардың барлығын көрсетуді талап етемін, – деді марқұмның қарындасы.
Туыстарының айтуынша, ер адамның денесінде түзеу мекемесінің әкімшілігін айыптайтын жазу болған көрінеді. Алайда бұл ақпарат әзірге расталған жоқ.
Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті сотталған ер адамның өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Ведомство мәліметінше, марқұмның денесін қарау кезінде ешқандай жарақат ізі анықталмаған.
Сондай-ақғ комитет ер адам өлер алдында хат қалдырды деген ақпаратты жоққа шығарды.
– Сотталған ер адамның өлер алдында хат қалдырғаны туралы мәлімет шындыққа жанаспайды. Оқиға орнын тексеру барысында мұндай хат табылған жоқ, – деп мәлімдеді ведомство.
Тергеушілер оқиға орнындағы бейнебақылау камераларының жазбаларын алып, тексеруге кіріскен.
Қазір түзеу мекемесінде нақты не болғанын анықтау жұмыстары жалғасып жатыр.
ҚАЖК өкілдері істің тергелу барысы бақылауда екенін жеткізді. Тергеуге қатысты өзге мәліметтер әзірге жарияланбайды.