Алматыда ер адам мен әйелдің арасындағы жанжал шықты. Нәтижесінде екеуі де полиция бөлімшесіне жеткізілді, алайда екі тарап тәртіп сақшыларына болған жағдайды әртүрлі баяндаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Оқиға Алматының Медеу ауданында болған. Полицияға Қонаев көшесіндегі пәтерлердің бірінде жанжал шыққаны туралы хабар түскен.
Оқиға орнына «Буран-636» патрульдік экипажы жіберілген.
Ер адамның полицияға айтуынша, ол интим қызмет көрсететін қызбен кездескен. Алайда кездесу кезінде қыз оны ағаш затпен басынан ұрған көрінеді.
Кейін ер адам қашып кеткен қыздың соңынан қуып, ұстап алмақ болған.
Көп ұзамай полиция қызметкерлері әйелді Мәметова көшесі мен Назарбаев даңғылының қиылысында тоқтатқан.
Алайда әйел болған оқиғаны басқаша түсіндірген.
Оның айтуынша, ер адам көшеде өзіне тиісіп, мазасын алған. Ал ол ер адамның әрекетіне жауап ретінде соққы жасағанын айтқан.
Ақырында екі тарап та Медеу аудандық полиция басқармасына жеткізілді.
Қазір тәртіп сақшылары жанжалдың неден шыққанын және ер адамның қандай жағдайда басынан соққы алғанын анықтап жатыр.