Павлодар облысында патрульдік полиция қызметкері жол ережесін бұзған жүргізушіге айыппұл салмай, пара алған. Ақырында полицей де, оған ақша берген ер адам да сот алдында жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жүргізуші жолдағы қос тұтас сызықты кесіп өткен. Алайда оны тоқтатқан полиция инспекторы әкімшілік хаттама толтырмай, жібере салған.
Тергеу барысында полицейдің бұл әрекеті үшін 15 мың теңге пара талап еткені анықталды. Ақшаны ол бірнеше рет сұрағаннан кейін, екі күн өткен соң алған.
– 15 мың теңге көлеміндегі пара жолдағы қос тұтас сызықты кесіп өткені үшін үшінші тұлғаны әкімшілік жауапкершілікке тартпау мақсатында берілген, – деп хабарлады Павлодар облысының прокуратурасы.
Сот полиция қызметкерін пара алғаны үшін, ал екінші айыпталушыны пара бергені үшін кінәлі деп таныды.
Екеуіне де айыппұл салынды. Алайда жарияланған ақпаратта айыппұлдың нақты мөлшері көрсетілмеген.