19 қазанда Қазақстанның бірқатар өңірінде дауыл соғып, тұман түседі, түнде үсік жүреді. Кей аймақтарда желдің екпіні секундына 28 метрге дейін жетуі мүмкін. Қазгидромет 16 облыс пен Астанада дауылды ескерту жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ең күшті жел Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында күтіледі. Бұл өңірлерде желдің екпіні секундына 23–28 метрге дейін жетуі мүмкін.
Көкшетауда жел секундына 23 метрге, ал Петропавлда 28 метрге дейін күшейеді. Қостанайда күндіз желдің екпіні секундына 15–20 метрге жетеді.
Жетісу облысында, әсіресе Алакөл маңында жел секундына 15–20 метр жылдамдықпен соғады.
Жамбыл, Түркістан және Павлодар облыстарында да осындай қатты жел болжанып отыр.
Маңғыстау облысында желдің екпіні секундына 15–18 метрге дейін күшейеді.
Түнде ең қатты суытатын өңір – Жетісу облысы. Мұнда ауа температурасы 2–7 градус аязға дейін төмендейді. Ал Талдықорғанда 3–5 градус аяз күтіледі.
Жамбыл облысының шығысында ауа температурасы 2 градусқа дейін төмендейді.
Түркістан облысының солтүстігінде 1 градусқа дейін үсік жүреді деп болжанып отыр.
Қызылорда облысының солтүстігінде топырақ бетінде 1 градусқа дейін үсік жүруі мүмкін.
Астана, Қарағанды, Семей және Өскемен қалаларында түнде және таңертең тұман түседі.
Сондай-ақ, Ақмола, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарының кей аудандарында тұман салдарынан жолдағы көріну қашықтығы қысқаруы мүмкін.
Абай және Ұлытау облыстарында, сондай-ақ Жамбыл мен Түркістан облыстарының таулы аймақтарында да тұман күтіледі.
Күннің суытуына қарамастан, еліміздің кей өңірлерінде табиғи өрт шығу қаупі әлі де жоғары.
Атырау, Ақтөбе, Қарағанды және Ұлытау облыстарының жекелеген аудандарында, сондай-ақ Қызылорда облысының басым бөлігінде төтенше өрт қаупі сақталады.
Атырау, Жезқазған және Қызылорда қалаларында да өрт қаупі өте жоғары.
Батыс Қазақстан облысында, сондай-ақ Қостанай, Маңғыстау және Түркістан облыстарының кей аудандарында жоғары өрт қаупі сақталып отыр.