Қазақстанда прокатқа шығатын барлық шетелдік фильмді қазақ тіліне дубляждауды міндеттеу ұсынылды. Осыған қатысты петиция Мәдениет және ақпарат министрлігіне жолданды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Неліктен қазір дубляж жоқ?
Петиция авторы «Кинематография туралы» заңға сәйкес, Қазақстанда қазақ тілінен басқа тілде көрсетілетін фильмдер дубляжбен, субтитрмен немесе кадрдан тыс аудармамен қамтамасыз етілуі керек екенін еске салды. Прокатшы осы нұсқалардың кез келгенін таңдай алады. Көпшілікке субтитр жеткілікті болғандықтан, қазақша дубляж кинотеатрлардағы көрсетілімнің міндетті стандартына айналмаған.
Автор заңның 9-бабына өзгеріс енгізуді ұсынады. Соған сәйкес, шектеулі прокаттағы фильмдерден басқа барлық туынды негізгі прокатпен қатар қазақша дыбысталуы керек. Субтитр мен кадрдан тыс аударма сақталады, бірақ олар дубляждың орнын баса алмайды.
Автор прокатшылар мен кинотеатрларға жаңа талаптарға бейімделу үшін уақыт беруді ұсынады.
– Бұл ұсыныс фильмдерді басқа тілдерде көрсетуге тыйым салмайды. Біздің мақсатымыз – қазақстандық көрермен әлемдік киноны мемлекеттік тілде де толыққанды тамашалай алуы, – делінген петицияда.
Сұраныс бар
Автор қазақша дыбыстаудың табыс әкелетінін дәлелдейтін мысалдар келтіреді. Disney компаниясының «Моана 2» мультфильмінің қазақша нұсқасы небәрі 12 күнде 151 миллион теңгеден астам табыс тауып, Қазақстандағы жалпы кассаның 12 пайызын жинаған.
Ал «Ойжұмбақ 2» мультфильмінің қазақша нұсқасы алғашқы төрт күнде 40 миллион теңгеден астам қаржы әкелген.
Мәдениет министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы қазақстандық фильмдер прокатта 22 миллиард теңгеден астам табыс тапқан.
– Егер фильм дубляждалмаса, қазақ тіліндегі сеанс болмайды. Сеанс болмаса, кассалық түсім де жоқ. Кейін бұл сұраныстың жоқтығына дәлел ретінде келтіріледі. Бұл шеңберді бұзудың жалғыз жолы – қазақша дубляжды тұрақты түрде ұсыну, – делінген петицияда.
Автор кішкентай балалардың субтитр арқылы кино көре алмайтынын да атап өткен. Бұған қоса, дубляжға тұрақты сұраныс қалыптасса, аудармашыларға, актерлерге, режиссерлерге, дыбыс режиссерлеріне және студияларға жұмыс табылады.
Қазір ePetition.kz платформасындағы петиция модерациядан өтіп жатыр. Бұл рәсім 20 жұмыс күніне созылады.