Қытай билігі коронавирусты жеңгенін жариялады

Ulysmedia

«Мемлекет қараша айынан бастап пандемиядан қалыпты жағдайға мінсіз көшті» делінген билік мәлімдемесінде. Коронавирус жұқтырған 200 миллионнан астам адам медициналық көмек алған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

Қытай басшылығы коронавируспен күресте «үлкен және шешуші жеңіске жеткенін» жариялады. 17 ақпанда Қытай коммунистік партиясының орталық комитеті саяси бюросының тұрақты комитетінің отырысынан кейін жарияланған мәлімдемеде Қытай қараша айынан бастап салыстырмалы түрде қысқа мерзімде пандемиядан қалыпты өмірге «мінсіз көшті» делінген. «Тәжірибе орталық комитеттің пандемияға қатысты жағдайды бағалауда дұрыс шешімдер мен стратегиялық түзетулер қабылдағанын дәлелдеді», делінген құжатта. Жиынды ҚХР төрағасы Си Цзиньпин жүргізді.

Қытайдағы мемлекеттік БАҚ мәліметтері бойынша, коронавирус пандемиясы кезінде елде 200 миллионнан астам адам ауру жұқтырғаннан кейін медициналық көмекті пайдаланған. 800 000-ға жуық ауыр науқас емделген. Ал «Қытайдағы COVID-19 өлімі әлемдегі ең төмен болды», «Қытай адамзат тарихында ғажайып жасады» дейді Синьхуа агенттігі.

Саяси бюро Қытайдың 1,4 миллиард халқын қырағы болуға шақырды.