«ҚазМұнайГаз» компаниясы «Өзенмұнайгаз» АҚ басқарма мүшелерінің ешқайсысы ұсталмағанын мәлімдеді. Бұған дейін блогер Жаңаөзенде күштік құрылымдар «Өзенмұнайгаз» бен Jana Oil Service мұнай сервистік компаниясының басшыларын ұстағанын мәлімдеген еді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҚМГ не деп жауап берді?
– «Өзенмұнайгаз» АҚ басқарма құрамына кіретін басшыларының ешқайсысы ұсталмаған. Толық ақпарат алу үшін құқық қорғау органдарына жүгінуді сұраймыз, – деп хабарлады компания.
ҚМГ жауабында «Өзенмұнайгаздың» өзге қызметкерлері мен Jana Oil Service басшылығы туралы ақпарат жоқ.
Контекст
Бұған дейін Ақтаулық блогер Азамат Сәрсенбаев ҰҚК мен ІІМ қызметкерлері Жаңаөзенде операция жүргізіп, бұрын «Кезби» аталған Jana Oil Service компаниясы мен «Өзенмұнайгаз» басшыларын ұстағанын хабарлаған еді.
Оның дереккөзіне сүйенсек, ұсталғандар жұмысшыларды наразылық акцияларына арандату арқылы «Өзенмұнайгаздан» қосымша қаражат алуды көздеген.
ҰҚК мен полиция бұл ақпаратқа әзірше ресми түсінік берген жоқ.