Андрей Рублев Болат Өтемұратов Қорының "Асыл Мирас" Аутизм орталығының балаларымен кездесті

Болат Өтемұратов Қоры

Әлемдік теннис жұлдызы Андрей Рублев Almaty Open ATP 250 турнирі шеңберінде «Асыл Мирас» аутизм орталығының он баласымен кездесті. Кездесу 19 қазанда Алматыдағы «Алатау» теннис орталығында өтті. 

Қазақстанның теннис федерациясы бастамашы болған бұл әлеуметтік жоба игі дәстүрге айналып, көп жылдан бері кәсіби теннисшілер мен «Асыл Мирас» Аутизм орталығының балаларын табыстырып келеді. Бүгінде Болат Өтемұратов Қорының 13 Аутизм орталығы Қазақстанның 12 қаласында жұмыс істейді. Бұл орталықтарда аутизм спектрінің бұзылысы (АСБ) бар балаларға кешенді көмек тегін көрсетіледі.

– АСБ бар балалардың өмірдің сан алуан саласына, соның ішінде спортпен айналасуына мүмкіндік жасау біз үшін айрықша маңызды. Мұндай кездесулер балалардың ғана емес, тұтас қоғамның инклюзия туралы түсінігін кеңейтуге ықпал етеді. Кәсіби спортшылармен бірге уақыт өткізу балалар үшін құнды тәжірибе әрі қоғамда ашықтық пен инклюзияны дамыту жолындағы тағы бір қадам, – деді Болат Өтемұратов Қорының бас директоры Айнұр Кәрібозова.

Кездесу барысында Андрей Рублев балалармен бірге теннис ойнап, доп және ракеткамен бейімделген жаттығулар орындады. Сондай-ақ дәлдікке арналған тапсырмалар мен түрлі ойындарға қатысты. «Асыл Мирас» орталығының мамандары мен Қазақстанның теннис федерациясы әр баланың қажеттілігін ескере отырып, тенниспен танысуды қызықты әрі жайлы өткізуге бағытталған бағдарлама әзірледі. Бұл кездесу балаларға үйреншікті ортасынан шығып, спорттық шараға белсене қатысуға мүмкіндік берді. Ал кәсіби теннисші аутизмнің ерекшеліктері мен АСБ бар балалармен қарым-қатынас жасаудың қыр-сырын тереңірек түсінуге мүмкіндік алды.

 

 

– Әсерім өте жақсы. Балалармен уақыт өткізу әрдайым қуаныш сыйлайды. Олардың бізге үйретері көп. Балалармен бірге ойнап, уақытты бірге өткізу әр жолы ерекше әсер қалдырады. Жаттығуларды орындау барысында бір-бірінен озуға тырысып, кейде қулыққа да басқан балалардың әрекетіне бапкер екеуміз күліп алдық. Анам да теннис жаттықтырушысы, сондықтан бала кезімнен кортта өстім. Кішкентай балалармен қалай жұмыс істейтінін көріп келемін. Қайырымдылыққа бағытталған әрбір жоба өте маңызды, оның әр адамға әсері де әртүрлі. Ең бастысы – жақсылық жасау, – деді Андрей Рублев.

Кәсіби теннисшілер Болат Өтемұратов Қорының бастамаларына бұған дейін де қолдау көрсетіп келді. Әр жылдары Алматы мен Астанадағы «Асыл Мирас» Аутизм орталықтарына Новак Джокович, Елена Рыбакина, Карлос Алькарас, Феликс Оже-Альяссим, Даниил Медведев, Доминик Тим, Александр Бублик және басқа да танымал теннисшілер барған. Осы игі дәстүрді жалғастырған Андрей Рублев кездесу соңында балаларға теннис ракеткаларын сыйға тартты. Бұл балаларға жаттығуды жалғастырып, үйренгендерін тәжірибеде қолдануға мүмкіндік береді.

Болат Өтемұратов Қоры «Аутизм. Баршамызға бір әлем» бағдарламасын 2015 жылдан бері жүзеге асырып келеді. Бағдарлама АСБ бар балаларға ерте диагностикадан өтуге, қажетті көмек алуға, білім алуға және олардың отбасыларына қолдау көрсетуге бағытталған. Сонымен қатар бағдарлама қоғамда инклюзивті ортаны дамытуға ықпал етеді. Бүгінге дейін Қор 17 500-ден астам балаға қолдау көрсетті.

Болат Өтемұратов Қоры Қазақстанда қайырымдылықты жүйелі түрде дамытып, әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асырып келеді. Қор білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, экология және инклюзия салаларындағы жобаларға, табиғи апаттардан зардап шеккендерге көмек көрсетуге, сондай-ақ заманауи әлеуметтік инфрақұрылым құру арқылы өңірлерді дамытуға 250 миллион АҚШ долларынан астам қаражат бөлді.