Қазақстанда тыйым салынған заттарды контрабандалық жолмен өткізу ісі бойынша қамауға алынған рэпер Navai (Наваи Бакиров) жақын арада бостандыққа шығуы мүмкін. Бұл туралы оның адвокаты Рена Керимова мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жайы
Қорғаушының айтуынша, өнер иесінің жағдайы тұрақты.
– Navai-дің жағдайы өте жақсы. Бүгін (19 қазан – ред.) оның қасында болдым. Бәрі жақсы. Ол – өте байсалды, әзілқой жігіт. Жалпы кез келген жағдайға дайын, бірақ бәрі жақсы аяқталады деп үміттеніп отыр, – деді Керимова Ren TV арнасына берген сұхбатында.
Музыкант тергеу изоляторында уақытын бос өткізбей, кітап оқып, өлең жазып жүр. Адвокаттың айтуынша, Бакиров қорғауына қатысты мәліметтерді көпшілікке жария еткісі келмейді. Себебі бұл тергеу кезінде шетел азаматы ретінде оның жағдайын қиындатуы мүмкін.
Рена Керимова рэпердің ұсталуына қатысты жайттарға да түсінік берді. Оның айтуынша, көлікті тексеру кезінде ішінде рэпердің өзінен басқа адамдар да болған.
– Мұның бәрін кез келген адам өз мойнына ала алар еді, бірақ Navai осылай жасаған дұрыс деп шешті. Менің жеке пікірім – ол да кінәсіз деп есептеймін. Алайда кінәсін мойындау-мойындамау – Navai-дің өз құзырындағы мәселе, – деп түсіндірді қорғаушы.
Ұсталуы және қамауға алынуы
Еске салайық, рэпер 13 қазаннан 14 қазанға қараған түні Қазақстандағы «Қордай» шекара бекетінде ұсталды. Музыканттың көлігін тексеру кезінде полицейлер есірткі затын тапқан. Рэпер есірткіні заңсыз тасымалдамақ болды деген күдікке ілінді.
Осы оқиғадан кейін Астанада Navai-дің жоспарланған концерті тоқтатылды. 15 қазанда сот музыкантты екі айға қамауда ұстау туралы шешім шығарғаны белгілі болды.
Бұған дейін Ресей Сыртқы істер министрлігі рэпер Navai ұсталғаннан кейін Қазақстанға жолданған дипломатиялық нотаға қатысты пікір білдірген еді. Ведомствоның ресми өкілі Мария Захарова мұның шетелдегі Ресей азаматтарының құқықтарын қорғау үшін қолданылатын қалыпты рәсім екенін мәлімдеді.