Қазақстандық режиссер Айсұлтан Сейітов америкалық рэпер A$AP Rocky-дің Shroom Clouds әніне түсірілген жаңа клиптің режиссерлерінің бірі болды. Клип 19 қазанда орындаушының YouTube арнасында жарияланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Клипті кімдер түсірді
Клиптің соңғы титрлерінде Сейітов A$AP Rocky-дің өзімен (шын есімі – Раким Майерс) және Пьетро Бис Биазимен бірге режиссер ретінде көрсетілген. Ал бейнебаянның түсін түзетумен тағы бір қазақстандық маман – колорист Ерлан Танай айналысқан.
Сейітов жобаға қатысқанын растады және Instagram парақшасында рэпермен бірге түскен суретін жариялады.
Клип сюрреалистік стильде түсірілген. Онда жасыл төбелер мен дала көріністері қала көшелеріне, көне көліктерге және ерекше визуалды эффектілерге ұласады.
Ән туралы
Shroom Clouds әні 16 қазанда жарық көрді. Оны америкалық орындаушылар Jeremih және Reggie-мен бірге жазған.
Бұл – жақында шығуға тиіс Don’t Be Dumb альбомының екінші бөлігіндегі алғашқы сингл.
Сейітов пен A$AP Rocky бұған дейін де бірге жұмыс істеген. 2021 жылы олар PacSun киім брендіне арналған жарнама түсіруге қатысқан.
Ал Сейітовтің 21 Savage және J. Cole рэперлеріне арнап түсірген клипін Rolling Stone журналы барлық уақыттағы «150 аңызға айналған хип-хоп клипі» тізіміне енгізген.
Контекст
Бұған дейін Айсұлтан Сейітов өзінің екінші толықметражды «Жеті ата» фильмі 2027 жылы жарыққа шығатынын айтқан. Түсірілім жұмыстары 2026 жылдың наурызында басталған.
– Бұл – мен үшін өте жеке туынды. Қазір монтаж жұмыстары жүріп жатыр, – деді режиссер сол кезде.
Оның алғашқы «Қаш» фильмі 2022 жылы жарық көрген. Картинада 1920 жылдардың соңы мен 1930 жылдардың басындағы Қазақстандағы ашаршылық баяндалады.