Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев белсенді әрі марафоншы Марат Жыланбаевтың өз өтініші бойынша жеке камерада отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жайы
Омбудсменге тиісті сұрақты Ulysmedia.kz тілшісі қойды. Журналист бұған дейін Варшавада өткен ЕҚЫҰ конференциясында құқық қорғаушылар Жыланбаевтың жағдайы мүшкіл екенін мәлімдегенін еске салды. Олардың айтуынша, белсенді қатаң жағдайда ұсталып отыр, ал адвокаттары бір жылдан бері онымен кездесе алмай жүр.
Ластаев Жыланбаевқа бірнеше рет барғанын, кейінгі рет биыл қаңтарда кездескенін айтты. Омбудсменнің сөзінше, белсенді өзіне қатыгездік көрсетілгеніне шағымданбаған. Ал жеке камерада отыруы салмағын азайтқысы келетіндігімен байланысты көрінеді.
– Онымен кездескен кезде ол жеке камерада отырған еді. Өзі мұның арықтауына байланысты екенін ашық айтты. Бұл ол үшін маңызды, өйткені марафонға дайындалып жүр. «Бостандыққа шыққанда өз рекордымды жаңартуым керек» деді ол. Адам арықтаған кезде белгілі бір процестер жүреді, сол уақытта жалғыз болғаны дұрыс, оған осылай тыныштау. Ол өзіне қатыгездік көрсетілгені туралы ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ, – деді Ластаев Астанада өткен конференция аясында.
Адвокаттардың Жыланбаевпен кездесуіне не себепті рұқсат берілмегені туралы сұраққа омбудсмен әзірше түсінік бере алмайтынын айтты.
Контекст
Марат Жыланбаев – әлемге танымал супермарафоншы. Ол Азия, Африка, Аустралия және Америка құрлықтарындағы ең ірі шөлдерді жалғыз өзі жүгіріп өткен адам ретінде тарихта қалған алғашқы әрі әзірше жалғыз спортшы.
Жыланбаев спорттан бөлек, саяси белсенділігімен де танымал. 2023 жылғы ақпанда ол парламент сайлауына қатысып, Мәжіліс депутаттығына кандидат куәлігін алған. Алайда заңсыз сайлауалды үгіт жүргізді деген айыппен сайлау науқанынан шеттетілді. Астана прокуратурасы Жыланбаевтың Facebook желісінде сайлау жарнасын төлеуге ақша жинауға көмектесуді сұраған жазбасын заң бұзушылық деп таныды. Сот оны осы әрекеті үшін 51 750 теңге айыппұл төлеуге міндеттеді.
2023 жылғы қарашада Марат Жыланбаев «тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысты» және «экстремистік ұйымды қаржыландырды» деген айыптармен жеті жылға бас бостандығынан айырылды.
Марат Жыланбаев пен оның туыстары колонияда өзіне қатыгездік көрсетіліп, қорланып, қысым жасалғаны туралы бірнеше рет шағымданған. Белсенді шығарылған үкімге наразылық ретінде бірнеше рет аштық жариялады.
2026 жылғы ақпанда марафоншының қызы Әнел Жыланбаева қоғамға үндеу жасады. Оның айтуынша, әкесі аштық жариялау салдарынан қатты арықтап, жағдайы мүшкіл күйге түскен.