Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе рейстері 2027 жылы ашылуы мүмкін. Алайда оған дейін ел АҚШ-тың авиация саласындағы уәкілетті органдарының шешімін күтіп, алыс қашықтыққа ұшатын жаңа ұшақ алуы керек, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы 20 қазанда Астанада Көлік вице-министрі Талғат Ластаев мәлімдеді.
АҚШ мамандары қарашада шешім шығарады
АҚШ Федералдық авиация басқармасы (FAA) мамандарының тексеруі аяқталды. Ластаевтың айтуынша, америкалық инспекторлар Қазақстанның азаматтық авиациясының жағдайына оң баға берген.
Енді ресми қорытынды шығуға тиіс. Ол қарашада жариялануы мүмкін. Қазақстан жыл соңына дейін АҚШ-қа әуе рейстерін ашуға мүмкіндік беретін қажетті санатқа ие болуды көздейді.
Ұшақ әлі жеткізілген жоқ
Тағы бір мәселе бар. Air Astana компаниясы алыс қашықтыққа ұшатын алғашқы Boeing Dreamliner ұшағын әлі күтіп отыр. Компания оны ұзақ бағыттарда пайдалануды жоспарлаған.
Ұшақ қыркүйекте жеткізілуге тиіс еді. Алайда өндірістегі кідірістерге байланысты мерзім желтоқсанға ауыстырылды. Ұшақ келгеннен кейін экипаждар мен техникалық мамандарды дайындауға да уақыт қажет.
– Менің ойымша, осы талаптардың бәрі орындалса, келесі жылы тікелей рейс ашылып қалады, – деді Талғат Ластаев.
Алдын ала болжам бойынша, ұшақтар Астана мен Нью-Йорк арасында қатынайды. Көлік министрлігі екі ел арасындағы іскерлік және экономикалық байланыстардың дамуына байланысты бұл бағыт уақыт өте келе табыс әкелуі мүмкін деп есептейді.
Контекст
Қыркүйекте америкалық мамандар Қазақстанға келіп, авиациялық қауіпсіздікті бақылау, авиация қызметкерлерін даярлау және әуе компанияларының жұмысын қадағалау жүйесін тексерді.
Қазақстан бұл тексеруге екі жыл бойы дайындалған.
АҚШ-қа тікелей рейстер ашу үшін ел FAA-ның бірінші санатын (Category 1) алуы қажет. Алайда бұл мәртебеге ие болғаннан кейін де әуе компаниясы АҚШ-қа ұшуға рұқсат алу рәсімінен өтуге тиіс.