ҰҚК Маңғыстауда 160 мың тоннадан астам мұнай өнімін заңсыз шығарған топты әшкереледі

Freepic

Ұлттық қауіпсіздік комитеті мұнай өнімдерін Қазақстаннан шетелге заңсыз экспорттаған ұйымдасқан топтың әрекетіне тосқауыл қойды. 2019-2023 жылдары тек Batys Nefte Trade ЖШС арқылы шетелге 160 мың тоннадан астам мұнай өнімі заңсыз шығарылған. Операциялардың жалпы құны шамамен 45 млрд теңгеге бағаланған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мұнайды жалған құжатпен шетелге шығарған

Тергеу деректеріне сәйкес, қылмыстық схеманы Маңғыстау облысының кәсіпкері ұйымдастырған. Ол жер қойнауын пайдаланушы компаниялармен шикі мұнай сатып алу туралы келісімшарттар жасасқан. Кейін мұнай Standart Petroleum және Mangystau Oil Refining шағын мұнай өңдеу зауыттарында өңделіп, өнімге жалған сапа паспорттары рәсімделген.

Одан кейін өнім пеш отыны ретінде көрсетіліп, Ақтау теңіз порты арқылы танкерлермен шетелге шығарылған.

2 млрд теңгеден астам қаражат мемлекетке қайтарылды

Биыл жүргізілген тергеу әрекеттері барысында қылмыстық іске қатысы бар тұлғалардың активтері, шағын мұнай өңдеу зауыттары, танкер және өзге де мүлкі тәркіленді.

Заңсыз алынған кірістер мен төленбеген салықтар бойынша мемлекет кірісіне 2 млрд теңгеден астам қаражат өндірілді.

Бұған дейін Ақтау қалалық сотының үкімімен ұйымдасқан қылмыстық топтың бес мүшесі, оның ішінде шағын мұнай өңдеу зауыттары мен трейдерлік компанияның басшылары Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 234-бабы 3-бөлігі және 262-бабы 2-бөлігі бойынша сегіз жылға бас бостандығынан айырылған.

Қылмыстық схеманы ұйымдастырушы халықаралық іздеуге жарияланған.